Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда West Oil Software қызметкерлерінің көтерілісі 1 аптаға жалғасты: Жаңаөзендіктер де ереуілге шықты

Маңғыстау облысы Жетібай ауылында West oil компаниясы жұмысшылары 10 желтоқсаннан бері наразылықтарын білдіруде. Тұрғындардың мәлімдеуінше, ауылға арнайы жасақ әкелінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Қызметкерлердің наразылық жасап тұрғанына 17 желтоқсанда 7 күн болды. Тұрғындар арнайы жасақ ауылдағы мәдениет үйіне шоғырланғанын айтады.

Жұмысшылар West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" балансына қосып, бірыңғай төлем жүйесін енгізуді және материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұрайды. Наразылыққа шамамен 500 адам шыққан. Олар суық күнге қарамастан, талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады.

17 желтоқсанда ереуілшілерді қолдауға жаңаөзендіктер келді. Олар жұмысшылардың талабын орынды деп, жұмысшыларды қудаламауды сұрайды.

"Мұндағы жұмысшылардың әрқайсысының 4-5 баласы бар. Алатын жалақылары мардымсыз, ал жұмыстары ауыр. Айдан айға әрең күн көріп отыр. Билік бір ай мұнайшының кебін киіп, осылардың өмірін сүріп көрсін", – деді жаңаөзендік әйел.

Оқиға орнына Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алып, қаза болған Мақсат Досмағамбетовтің анасы Оңайгүл Досмағамбетова келді.

"Желіден жұмысшылардың наразылығын көріп, балаларға жаным ашып келдім. Кезінде бізге де ауыр күн туған деп шыдамай келдім. Аман болыңдар. Мәселелері оңай шешілсін! Армандарыңа жетіңдер", – деді Оңайгүл Досмағамбетова.

Ауыл тұрғындары полиция көбейгенін айтады. Бір күн бұрын ауылға арнайы жасақ әкелініп, мәдениет үйіне орналастырылған. Алайда соңғы үш күнде наразылардың алдына билік немесе жұмыс беруші компаниядан біреу шықпаған.

Бір күн бұрын желіде West oil Software компаниясы басшысының ереуілге қатысты видеомәлімдемесі тарады. Компания директоры Тілеген Қаржаубаев ереуілді заңсыз, жұмысшылардың талаптарын орынсыз деп атаған.

"West oil – жеке мекеме. Бізді ешқандай мекемеге немесе ұйым құрамына кіруге ешкім мәжбүрлей алмайды. Қазіргі таңда осы жағдайға байланысты ұстанымымыз – еңбек төрелігінде Oil Transport corporation және "ҚазМұнайГаз" тарабынан ұсынылған техниканың және өндірістік базаны жаңарту бағдарламасын толық қабылдау. Екіншісі – сенімгерлік шартын 30 қаңтар 2027 жылға дейін созуға келісім береміз", – дейді ол.

12 желтоқсанда Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің өтінішін орындап, ереуілді заңсыз деп таныған. Жұмысшылар сот шешімімен келіспейді. Айтуларынша, сот шешімі олардың қатысуынсыз шығарылған.

West Oil Software жұмысшыларының талабын Маңғыстаудағы "БозащыТрансҚұрылыс" пен мұнай игеруді химияландыру кәсіпорнының жұмысшылары қолдады. Бір күн бұрын жұмысшылардың туыстары Жетібай кентіндегі әкімдік алдында жиналып, жұмысшылардың талаптарын орындауды талап етті.

West Oil Software өз талаптарын былтыр қазанда да көтерген. Содан бері олардың еңбек дауы жалғасып келе жатыр.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны Oit Transport corporation ЖШС 2002 жылы "Бозащы технологиялық транспорты", "Жетібай технологиялық транспорты", "Маңғыстау технологиялық транспорты" кәсіпорындары мен "Арай" кәсіпорнын біріктіру арқылы құрылған.

2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы "БозащыТрансҚұрылыс" және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген. 

Бұған дейін Маңғыстауда ереуілге шыққан West Oil Software компаниясының 26 қызметкері жұмыстан босатылған еді.

Талқылау