Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысының тұрғындары малдарын картон қағазбен тамақтандыруға мәжбүр

Маңғыстау облысындағы құрғақшылықтың салдарынан фермерлер малды картонмен тамақтандыруға мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі .

Облыс әкімдігі әрбір тұрғынның іс-әрекетіне түсініктеме бере алмайтынын атап өтті.

“Иә, биыл бізде құрғақшылық мәселесі бар. Бірақ қазіргі уақытта өңірге жем-шөп жеткізілуде. Ақтөбе облысының кәсіпкерлері өңірге азық-түлік әкеледі”, – деп нақтылады баспасөз қызметі.

Бұған дейін облыста қатты құрғақшылықтың салдарынан үй малдары қырылып жатқаны хабарланған. Аймақта көктемде жаңбыр жаумаған, сондықтан жайылымдарда шөптер өте аз.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Маңғыстаудағы жылқылардың өлімі үшін жауапкершілік аудандық әкімдіктерге жүктелетінін мәлімдеді.

“Иә, менің ойымша, бұл аудандық әкімдіктердің олқылығы. Олар жергілікті жерлердегі жағдайды ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе облыс әкімдігіне қарағанда жақсы біледі. Егер олар жағдайды алдын ала ескертіп, қолдау шараларын ұсынса, біз, әрине, үкімет тарапынан қазіргідей көмекті көрсететін едік”, – деді министр.



Өз кезегінде облыс әкімі Серікбай Трұмов жем-шөп қорын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінгенін хабарлады.

“Соңғы жылдары аймақта байқалған қатты құрғақшылық мал шаруашылығына зиянды әсер етті. Құрғақшылық жағдайында мал басын сақтау үшін облыста шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау мақсатында арнайы штаб құрылды. Ақтөбе облысының әкімдігімен меморандум жасалды. Соның ішінде маңғыстаулық малшыларға қажетті мөлшерде жем-шөп жеткізу және жайылым мен шабындық үшін жер учаскелерін беру келісілді. Біз бұл жұмысты бастап кеттік. Азық қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Көрші облыстардан жөнелтілген жем-шөп өңір шаруаларына жеткізіледі”, –деп атап өтті ол.

Талқылау