Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қызметінен кетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлан Ноғаев лауазымынан кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Маңғыстау облысының баспасөз қызметі

“Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлан Асқарұлы Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды”, – делінген Ақорданың хабарламасында.

Айта кетейік, Нұрлан Ноғаев 1967 жылы 30 шілдеде Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1993 жылы И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген.

1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей Сыртқы істер министрлігі жанындағы “Халықаралық қатынастар университеті” Мәскеу мемлекеттік институты, тау-кен инженері, экономист, халықаралық қатынастар маманы, әкімшілік іскерлік жөніндегі шебер мамандықтары бойынша бітіріп шыққан.

Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Қандыағаш станциясында электр шебері болып бастаған. 1993-1995 жылдары – Мәскеу қаласындағы “Гили- Паскер” ЖШС-да мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшы, бөлім бастығы, бас директор.

1995-1996 жылдары – Алматыдағы “Отрар ЛТД” шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары болып қызмет етті. Бұдан кейін төрт жыл аралығында “Қазақтүрікмұнай”  ЖШС-да маркетинг жөніндегі инженер, мұнай және мұнай өнімдерін сату, маркетинг бөлімінің басшысы және бас директоры лауазымдарын атқарды. 2006 жылдың ақпан айынан бастап “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компаниясы” АҚ-ның атқарушы директоры болды.



2006 жылдың тамыз айынан энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры, ал келесі жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың сәуір айына дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Сол жылдың сәуір айынан 2012 жылдың қаңтарына дейін – Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2012 жылдың 20 қаңтарында мемлекет басшысының жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

2016 жылғы 26 наурыздан – Атырау облысының әкімі, 2019 жылдың 17 маусымында осы қызметке қайта тағайындалды. 2019 жылдың 18 желтоқсанынан – Қазақстан Республикасы энергетика министрі. 2021 жылдың 7 қыркүйегінен бастап Маңғыстау облысы әкімі болып тағайындалған еді.

Еске салайық, бұған дейін 1 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Наталья Годунованы жоғарғы есеп палатасының төрағасы қызметінен босатқанын жаздық.

Талқылау