Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәңгілік ештеңе жоқ": Қарақат Әбілдина сырт келбетін сынағандарға жауап берді

Қарақат Әбілдина адам бойындағы өзгеріс туралы ой қозғады. Әнші бұл өмірде ештеңе мәңгілік емес екенін еске салып, өзінің сырт келбетін сынағандарға жауап берді. Айтуынша, соңғы уақытта оқырмандары оның дене бітімін сөз етіп, ал жары Қыдырәлі Болмановтың қартайып баратынын жиі жазуда, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Адамзат өзгеріске бейім болып келеміз. Күнде өзгереміз. Бір жыл бұрынғы, тіпті бір ай бұрынғы өзіңді бүгініңмен салыстырсаң, өзгерген біраз дүниені байқайсың.

Себебі біз күнде өсеміз. Ойланамыз. Таразыға саламыз, талқылаймыз. Ақ-қарасын ажыратамыз. Шешімдер қабылдаймыз. Есейеміз. Өсеміз.
Өзгермейтін – бір Алла!

Адам түгіл, табиғат та күн сайын түрленбей ме?! Тіпті алып таулар да орнынан жылжып тұрады екен де, оны біз білмейміз. Шексіз теңіз, мұхиттардың суы да бір тартылып, бір толып, күнде өзгереді. “ Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес“, – дейді мұны Абай. Мәңгілік ештеңе жоқ, ұғар болсақ.

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Мысалы, мынау суретке 2-ақ жыл болыпты. Бірақ одан бері біз көп өзгердік. Әсіресе мен.

“Қарақат толысыпты, Қыдекең қартайыпты” деп жазатын жұртым бар. Оу, жандарым-ай, толдым, толыстым, рас. Болсын! Есесіне Аяламның ізінен тәп-тәтті қоңыр қозым еріп жүр. Ендігі тілі шүлдірлеп, әр сөзі, әр қылығы үй ішіне мереке. Шүкір, бергеніне Жаратқанның.

Ал Қыдекең 50-ді еңсерді, 6 баланың әкесі. Қызметін жасады, жасап та жүр. Енді әне-міне дегенше “ қайын ата” атанып, оның ар жағында немере сүйіп, “ата” болудың ауылы да алыс емес. Қартайса, несі бар?! Әдемі. 



Ой білдіріп, жазбас бұрын ойлану керек адам. Бұл ойым тек бізге қатысты ғана емес, жалпы айтамын. Мәселе кәрілікте емес, мәселе осы жасыңа дейін қандай жұмыс атқардың? Ұлтыңа, ұрпағыңа адал қызмет етіп,пайдалы бола алдың ба ? Істеген қимылың мен жасап жүрген тірлігің жасыңа сай ма, жоқ па – мәселе осында", – деп жазба қалдырды әнші желідегі парақшасында.

Талқылау