"Мал жаятын жер қалмады": Павлодар облысында шаруалар бас көтерді
Павлодар облысы Ақтоғай ауданының халқы да мал жаятын жерімізден айырылып қалдық деп бас көтерді. Сөздерінше, жерді ықпалды кәсіпкер меншіктеп, егістік алқапқа айналдырып жатыр екен. Соның салдарынан үш бірдей ауыл енді төрт түлігін қайда жаярын білмей отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап.
Өкінбек Займолданың үш ауылдың малын бағып келгеніне 17 жылдан асқан. Дәл осы жерді меншігіне алу үшін талай рет әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ, "жер бос емес" деген билік өкілдері, аумақты аудандағы ықпалды кәсіпкерге сатып жіберді дейді.
“Еліміздің Президенті Тоқаев мырзаның жолдауында айтты ғой, “шаруа қожалықтары, ауылдағы мал бағатын кісілердің мал өрісіне бөгет жасамандар, кеңейтіп беріңдер” деп тікелей тапсырма берді. Міне оған қазір ешкім құлақ асып жатқан жоқ, біздің әкімдер”, – деді Қожамжар ауылының тұрғыны Өкінбек Займолда.
Тұрғындардың сөзінше, ауыл халқы мал жаятын шұрайлы жерді белгілі кәсіпкер бір-ақ күнде меншіктеп алған. Тіпті, біраз аумағын жыртып үлгеріпті.
“Жердің бәрін жыртып тастады. Ешқандай жер дейтін жер де қалмады. Мына мал несін жейді ертең. Міне, әппақ сары топырақ. Мынау деген не сұмдық?!”, – деді Қожамжар ауылының тұрғыны Дәлел Хайдар.
Аудан басшылығы кәсіпкерге берілген жердің егістікке арналғанын айтып отыр. Ал, жергілікті әкімдік бірнеше жылдан бері бұл аумақта мал жайылып келгенінен бейхабар болып шықты.
“Заң бойынша бізде ешқандай бұзушылық жоқ. Халықтың жайылым жоқ дегенін бірінші естіп отырмыз. Мына жерге мал жайған екен. Біз қарастырамыз әрине”, – деді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машрықов.
Басы дауға қалған кәсіпкер болса, жерді заңды түрде алғанын айтты.
“Жерді әкімдік конкурсқа шығарды. Мен құжатымды тапсырып, жеңіп алдым. Ешкімнен тартып алған жоқпын. Тұрғындарға әкімдік басқа жер беріледі деген екен. Бірақ, әлі күнге дейін іс шешілмеген. Әкімдік жауапты. Менің қатысым жоқ”, – деді кәсіпкер Игорь Головошов.
Халыққа тиесілі жер әлі берілген жоқ. Десе де, әкімдік мәселені ушықтырмай шешеміз деп уәде етті. Ал халық мыңдаған малын енді қайда жаярын білмей отыр.