Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақтааралда тағы 7 ауылды су басуы мүмкін

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 7 ауылды су басу қауіпі әлі де сейілмей тұр. Бұл туралы үкімет отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2020 жылдың 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, секундына 120 текше метрлік су өткізу қауқары бар Орталық Бетпақдала коллекторынан секундына 180 текше метр су ақты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының елді мекендеріне су келіп, төтенше жағдай орын алды. Бүгінгі таңда 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде 6 127 тұрғыны бар 5 елді мекенді су толығымен басты. Бұл - Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Фердоуиси, Өрге бас және Достық елді мекендері", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Оның сөзінше, 7 ауылды су басу қауіпі әлі де жоғары.

"Ал 2 елді мекенде: Мырзакент, Ақжолда қауіп сейілді, тұрғындар үйіне қайтты. Мырзакент елді мекенінде 15 мың халық тұрады. Сондықтан мұнда су жібермеу үшін барлық амал жасалды", - деді облыс әкімі. 

Айта кетейік, 2 мамырда шұғыл түрде Мақтаарал ауданында жергілікті техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, жедел штаб құрылды

Талқылау