Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әріптесін балағаттаған" Мақсат Қиқымов Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті

Мақсат Қиқымов Алматы әкімінің орынбасары қызметінен кетті,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ол бұл туралы Instagram парақшасында хабарлады. 

Қиқымовтың айтуынша, 14 ақпаннан бастап ол қала әкімінің орынбасары қызметінен кетеді. Бүгін соңғы жұмыс күні. Шенеунік әріптестері мен қалалықтарға бірлескен жұмысы үшін алғыс айтты.

"Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымындағы соңғы күнім. 10 жыл бойы оңтүстік астана әкімдігінде үздіксіз жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде сіздермен бірге қаламыздың игілігі үшін көп нәрсе жасадық. Қолдау көрсетіп, қарым-қатынас жасағандарыңызға рахмет! 

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаевқа, барлық әріптестеріме, әкімдік қызметкерлеріне, мәслихат депутаттарына, Қоғамдық кеңеске, қоғамдық ұйымдарға, коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелерге алғыс білдіремін. Біз барлық өзекті мәселелердің түбіне жетуге және оларды ортақ күш-жігермен шешуге тырыстық", – деді Қиқымов. 

Ол мемлекеттік қызметтен кететінін, алайда болашақта немен айналысатынын әлі шешпегенін айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Telegram арналардың бірінде Алматы қаласының әкімі үміткерлігіне дауыс беру кезінде әкім орынбасары Мақсат Қиқымов әріптесі Ержан Бабақұмаровты балағаттап, оған теріс мінездеме бергені туралы ақпарат тараған болатын.

Мақсат Қиқымов 1986 жылы Қаскелеңде дүниеге келген. 2005 жылы "Банк ісі академиясы" колледжін, кейін Экономика және статистика академиясын, кейін Тұран университетін бітірген. Еңбек жолын "Қазпочта" АҚ Алматы пошта бөлімшесінде тағылымдамадан өтуден  бастаған. "Кредит Алтын Банк" АҚ басқарма мүшесі-бас есепші дәрежесіне дейін көтеріліп, банктерде түрлі қызметтер атқарды.

Одан кейін мемлекеттік қызметке – Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысты. Алматы қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, туризм және сыртқы байланыстар басқармаларын кезекпен басқарды. 2020 жылдың қыркүйегінде мегаполис әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Талқылау