Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәдениетке жанашырлық, болашаққа сенім": Өнертанушы қазақы құндылықтарды дәріптейтін жастардың әрекеті не үшін маңызды екенін айтты

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Қазақ жастары тек TikTok пен Instagram-да ғана емес, ұлттық, дәстүрлі әрі зияткерлік алаңдарда да белсенділік таныта бастады. Олар қазақ халқының ұлттық өнері мен дәстүрін өзінің айнымас бөлшегі ретінде көріп, өз көзқарасымен бейнелеп, қайта жаңғыртып жатыр. Мұндай жобалардың авторлары ұлттық сана мен рухани құндылықтарды жаңғырта насихаттау жолында еңбек етіп жүр. Олардың қатарында тарих мен дәстүр туралы деректі материалдар дайындайтын, сауатты сөйлеуді насихаттайтындар да бар. Мұндай орталар неліктен маңызды екенін Stan.kz ақпарат агенттігіне өнертанушы маман айтып берді.

Қазақы құндылықтарды насихаттап жүрген жастар ретінде мысалға әлеуметтік желідегі Tanda bilim парақшасын атауға болады. Бұл жобаны жас еріктілер қолға алған және олар қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен экологиясы туралы замануи тілде контент жасайды. Қазір парақшаның 20 мыңға жуық оқырманы бар және білімді, өнер мен тарихи деректерге құмар жастардың сүйіп оқитын жобасы деуге болады.

Бұған қоса бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы танылып, қазақ тілі мен қоғамы туралы контент дайындап, дұрыс сөйлеуді насихаттайтын Qazaqgrammar парақшасын атай аламыз. Бұл парақшада қазақша дұрыс сөйлеу, шұбарламай сөлйеу және сауатты жазу насихатталады. 80 мыңға жуық оқырманы бар жобаны бүгінде тек тіл мамандары мен қазақ тілінің жанашырлары ғана емес, жалпы көпшілік оқиды, сөздерді дұрыс жазуда сүйенеді.

Сонымен қатар Teztap – Қазақстандағы танымал интеллектуалды ойын жобасын атауға болады. Бұл жоба университеттер мен колледж студенттері, жас мамандар және жалпы зияткерлер арасында білімін сынауға арналған алаң. Тұтастай қазақша ойын әр апта сайын немесе түрлі шараларда арнайы ұйымдастырылады, ол тек қазақ тілінде өтеді. Сонымен қатар тезтаптың балаларға да, ересектерге де бөлек бағытталған үстел ойыны бар.

“Мұны ескі мен жаңаның үндестігі деуге болады”

Өнертанушы Инара Аубакирова жастардың өз халқының құндылықтарын дәріптеуін болашаққа нық қадам жасауы деп түсіндірді. Оның сөзінше, бұл өз мәдениетіңді тану, сонымен қатар оны өзгелерге де жаңаша, өз көзқарасыңмен таныту.

“Жастардың қазақы құндылықтарды насихаттауы – рухани жаңғырып жатқанының көрінісі. Бұл әрекеттері арқылы олар мәдениетке жанашырлық танытып, болашаққа сенімді қадам жасап жатыр. Бұл – ұлттық өнер мен мәдениеттің үздіксіз эволюциясы, заманауи сахнаға, ортаға бейімделуі. Мысалы, жастар дәстүрлі құндылықтарды TikTok, Instagram, YouTube сияқты әлеуметтік желілерде көрерменге ұсынады. Мұны ескі мен жаңаның үндестігі деуге болады. Осы арқылы олар өздерін үлкен топтың, тарихы терең халықтың бөлшегі ретінде санайды”, – деп пікір білдірді өнертанушы.

Маман “белгілі бір жастар ұлттық болмысын насихаттау арқылы ішкі қажеттілігін де өтейді” деп түсіндірді.

“Әр адам ұлттық болмысын насихаттауы арқылы ішкі қажеттілігімен шектеліп қалмайды. Сонымен қатар бұл әрекет сыртқы ортаға да өз ұлтын таныту тәсілі ретінде көрініс табады. Біз этнофестивальдерде қазақтың киімін киіп, күйін тартып, ұлттық ас мәзірін танытып жүрген жастардан осы нәрсенің тікелей көрінісін байқай аламыз. Олардың қазақ өнерін, жыр-термелер мен айтысты, күйді, қазақы әшекейлер мен ұлттық киімдерді, ұлттық дәмді, өзімізге ғана тән салт-дәстүрлерді өз қатарластарына жеткізе білгені ұлттық тәрбиенің қанға сіңіп кеткенінің айғағы”, – деп бағалады өнертанушы Инара Аубакирова.

Өнертанушының сөзінше, жастардың мұндай әрекеті еліне, жеріне деген шынайылығынан туады. Ал құндылығы жоғалған ұлттың жастары мақсаты мен өмір мәнін жоғалтқандай күй кешеді.

“Ұлттық құндылықтарды сақтау мен таныту әр жастың өз еліне деген шынайы көзқарасынан туады. Ұлттық құндылықтарды насихаттауымыздың маңызы – ұлт ретінде жоғалмау, ата-бабадан қалған мұраға ие болып қалу және оны әрқайсысы өзіне ыңғайлы қылып бұрмаламай, таза күйінде келесі ұрпаққа жеткізу. Құндылықтарымыз ескі, көне, заманға сай емес деп елемей, ескі мен жаңаны ұштастыра білу керек. Құндылығын жоғалтқан ұлт мақсаты мен мәнісін жоғалтқан тобырға тең болады”, – деп пікір білдірді Инара Аубакирова.

 

Еңлік Сақтан
Жұма, 25 Шілде, 2025 18:05