Депутаттар Лениннің сүйегін Қазақстанға әкелуді сұрап отыр
Жақында Қазақстан парламентінің ең егде депутаты Владислав Косарев мырза “Кремль керексіз еткен пролетаириат көсемі Владимир Ленинің денесін Қазақстанға алдырту керек” деген бастама көтерген.
Коммунист депутаттың бұл ұсынысы қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Жұрт етек-жеңін жиып, Мемлекеттік жаңғырудың жаңа бағытына бет бұрғанда, Косаревтің көксегені не десті, деп жазады Abai.kz.
Біз бұған дейін Владислав Борисұлына бірнеше мәрте хабарласқан едік. Биыл сексенге келетін депутаттың денсаулығы сыр беріп, ауруханада жатқанын оның көмекшілері айтқан.
Көптен көрінбей кеткен коммунист депутат Владислав Косарев жақында Парламентке қайта келіпті. Біз депутаттың өзіне хабарласып, Ленин “атаның” денесін біздің елге алдырту туралы бастамасының мән-жайын білдік.
– Владислав Борисұлы, сіз Владимир Лениннің мәйітін Қазақстанға әкелу керек депсіз. Бұл қандай қажеттіліктен туған бастама?
– Бұл тақырыпты жабу керек деп есептеймін. Себебі, Ресей Федерациясы Думасындағы “Единая Россия” фракциясы Лениннің мовзолейін бұзып, денесін жер қойнына тапсыру туралы бастамасын кері қайтарды. Барлығы өз қалпында қалатын болды. Демек, енді Лениннің денесін Қазақстанға әкелудің де еш қажеттілігі жоқ.
– Жалпы жұртты қызықтыратын сұрақ. Ресей Лениннің денесін Қазақстанға бере қояр ма еді?
– Бұл қиын процесс. Дегенмен, мүмкін болған соң, біз бастама көтердік қой.
– Сонда да, айтыңызшы, сіздің бұл ұсынысыңызды Қазақстанда кімдер қолдайды?
– Әрине, қолайды. Бізді қолдайтындар көп.
– Мысалы…
– Біздің электорат. Кемінде жарты миллионнан астам адам бізге дауыс берді. Біздің партияға мүше болды. Ол шамамен 514 мыңнан астам адам деген сөз. Міне, солар қолдайды.
– Сіз Парламенттегі ең тәжірбиелі депутаттардың бірісіз. Жас жағынан да, депутаттық мерзім жағынан да. Сіз депутат ретінде қазақ тарихындағы еңселі тұлғалардың денесін, болмаса еңбектерін, тіпті жәдігерлерін елге әкелу туралы бастама көтердіңіз бе? Мысалы, былтыр Кейкі батырдың бас сүйегін алдырттық. Қазір Кеңесары ханның бас сүйегі орыс жерінде жатыр. Сіз Кейкі батырдың бас сүйегін алдырту ісіне араластыңыз ба?
– Шынымды айтсам, мұндай процесстерге қатысқан емеспін. Ал Кейкі батырдың бас сүйегін Қазақстанға алдырту туралы бастаманы депутаттар емес, Қазақстан қоғамының белсенді өкілдері, жазушылар мен тарихшылар көтерді ғой. Сондықтан, мен де, менің әріптестерім де осы тектес мәселелерді көтерді деп айта алмаймын.
– Түсінікті, Владислав Борисұлы, сонымен Владимир Лениннің денесі мавзолейде қалатын болды ғой?..
– Дәл солай. Дума мавзолейді бұзбайтын болды. Лениннің денесі де сол жерде қалады.
– Жақсы, Владислав жолдас. Денсаулығыңызды күтіңіз.
– Сіздерге де рақмет!
Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы
Тағы да оқыңыздар:
“Қорғас ісі” бойынша сотталғандардың түрмеден босатылуын заңгерлердің өзі түсінбей отыр
Нақыпбеков: Менің орнымда басқа кісі болса да осылай істер еді