Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құжаттарымды дұрыс бермеген”: Ақтаулық тұрғын өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр

Ақтаулық тұрғын Мзиа Цхададзе Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр. 24 жастағы ару 20 жылдан бері жеке куәлігінен бастап барлық құжатты қолына алған. Алайда қызына төлқұжат алар кезде барып өзінде азаматтық болмағаны белгілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан

Мзиа Цхададзе үш жасында анасымен Грузиядан Ақтауға көшіп келген. Айтуынша, 16 жасқа толғанда халыққа қызмет көрсету орталығынан жеке куәлігін алған. Алайда тұрмыс құрып, қызына төлқұжат жасатуға барғанда өзіне Қазақстан азаматтығы берілмегенін айтқан.  

“Құжаттарымның барлығы Қазақстан азаматының құжаттары. Паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі барлығы бар. Бірақ сонда да осындай мәселе болып отыр. Грузия құжаттарынан менде тек туу туралы куәлік қана бар, басқа ештеңе жоқ”, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Мзиа Цхададзе. 

Бір қызығы, Мзиа үш жылдан бері кәсібін жүргізіп салық төлеп келген. Түсініксіз жағдайға тап болдым деген әйел қазір мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүр. 

“Бас тарту туралы ескертпе келген кезде миграцияға шақырды. Миграцияда маған алған құжатымның заңсыз болғанын айтты. Мен елшілікке жаздым, ХҚО-ға келдім. Барлық жерге бардым. Көбі халыққа қызмет көрсету орталығының адамы қателесіп кеткенін жеткізді. Құжаттарымды дұрыс бермеген”, – деді ол. 



2014 жылы азаматтық Мзианың анасына беріліп, өзіне берілмей қалған екен. Сондықтан қолындағы жеке басын куәландыратын құжаттары жарамсыз. Ағаттықтың көші-қон қызметінен кеткенін өңірдің полиция департаменті растады.

“Мзиа Цхададзе құжатын рәсімдеу барысында 2015 жылы көші-қон қызметінің қызметкерлері қате жіберген. Құжаттау кезінде Мзиа Қазақстан азаматшасы болған жоқ. Қазiр Мзиа Цхададзе Грузия елшiлiгiнен Грузия Республикасы азаматтығы бар немесе жоқ деген анықтама алуы қажет”, – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева.

Тәртіп сақшылары Мзианың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Себебі оның жұбайы елде туып-өскен. 

Талқылау