"Құтқарушылардың жұмысын қиындатпаңыздар": Премьер-министр қазақстандықтарға үндеу жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында су тасқынына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкімет басшысының сөзінше, үй-жайын тастап кеткісі келмейтін тұрғындар эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр.
“Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгісі келмейді. Көріп отырғанымыздай, биыл апат бұрын-соңды болмаған жерлерде де кездесті. Сондықтан, қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқаулығын орындауды сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді", - деді үкімет басшысы.
Айтуынша, бірінші кезекте эвакуациялау тұр. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше қолдау көрсету керек.
“Олар сіздер үшін тер төгіп отыр. Адамдарды құтқару оңай жұмыс емес. Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Қылмыскер ұсталды. Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетіп жатыр", - деп атап өтті ол.
Премьер-министр қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, ішкі істер, қорғаныс министрліктері мен ұлттық ұлан қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғыс айтты.
Бұған дейін "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева тағы қай аймақтарға су тасқыны қаупі төніп тұрғанын айтты.