Ақмола облысында айдалада соққыға жығылған бес жасар бала табылды

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баланың кешкі уақытта Астрахан ауданы аумағында далада жалғыз жүрген жерінен табылғанын мәлімдеді. Баланың денесінен көптеген жарақат пен сырылған іздер анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Time.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүлдіршін алдымен Астрахан аудандық ауруханасына, кейін Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жеткізілді. Қазір оның палатасының алдында полиция қызметкерлері күзетте тұр.
“Ол өткен аптада Астрахан аудандық ауруханасына түсті. Аш, дене жарақаттары бар, күтім көрмеген, денесінде көптеген сырылған жерлер мен көгерген іздер бар еді. Ауруханаға түсе сала тамақ сұрады. Дәрігерлер оны шомылдырып, тамақтандырып, киім берді. Қазір бала облыстық ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы Мәдина Смағұлова.
Полицияның алдын ала болжамынша, бүлдіршінді туған әкесі ұрып-соғуы мүмкін. Осыған байланысты күдіктіге қатысты азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар баланың ата-анасына кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді.
Полиция өкілдері сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаның барлық ықтимал нұсқалары, оның ішінде баланың ата-анасы айтқан жайттар да жан-жақты тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Әсем Асаинова ауруханаға барып, баланың жағдайымен танысқаннан кейін оқиғаның кейбір мән-жайын айтып берді.
“Бала өзін ұрып-соққанын, ағасы денесін күйдіргенін және суға батырғанын айтты. Оның бүкіл денесінде, қолдарында жаралар бар, аяқтарына таңғыш салынған. Сондай-ақ бала әкесі оны мал бағуға ағасына апарып тастағанын, сол жерде жұмыс істегенін, дұрыс тамақ берілмей, тек нан ғана жегенін айтты”, – деді Әсем Асаинова.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Ақмола облысының Астрахан ауданы аумағында түсірілген видео тарады. Онда әйел баласын өзіне қайтаруды талап етті. Ал пікірлерде отбасының жақтастары оқиғаның түрлі нұсқаларын алға тартты. Олардың арасында баланың аттан құлағаны немесе бұл жағдай отбасының жеке шаруа қожалығын тартып алуға бағытталған ақпараттық арандату деген болжамдар да бар. Айта кетейік, отбасыда төрт бала тәрбиеленіп жатыр және олардың жеке шаруа қожалығы бар.
Әсем Асаинова бұл іске қатысты өз пікірін білдірді.
“Отбасы адвокаттар жалдап қойған, олардың оқиғаға қатысты өз нұсқасы бар. Бірақ баланың өзі жұмыс істегенін, мал баққанын айтып отыр. Болған жағдайға кім жауапты? Егер отбасы оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған болса, меніңше, әзірге ата-анасын баладан шеттету қажет. Қазір олардың өздерін қорғауға көбірек күш салып жатқандай әсер қалдырады, ал баланың жағдайын ешкім ойламай отырған сияқты”, – деді ол.
Қазір баланың ауруханадан шыққаннан кейін отбасына қайта оралатын-оралмайтыны әзірге белгісіз.
"Төсеме деп айтқаным үшін әкемнен сөз естідім": Қазақстандықтар етеккір туралы айтуды "ұят" көретіндерді сынады