Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Құсып, іштері ауырды”: Алматыдағы балабақшада балаларға күйіп кеткен картоп берген

Алматыда ата-аналар мемлекеттік балабақшада берілетін тамақтың сапасына шағымданды. Олар кеше ұл-қыздарға күйген картоп беріп жатқан кезде үстінен түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Күйген картопты жеген балалар өзін жайсыз сезінген.  Бірі құсып, енді бірінің іші ауырды, дейді ата-аналар. Олар бұған дейін де балабақша асханасынан күйіктің иісі жиі шыққанын айтады. Ал мекеме меңгерушісі мұның бәрін жоққа шығарып отыр. Қазір аталмыш іс бойынша тексеріс жүріп жатыр.

Алматыдағы №166 балабақшада кеше кешкі асқа берілген тамақтың түрі. Ата-аналар күйіп кеткен картоптың балаларға ұсынылғанын байқап қалған. Төбе шашы тік тұрған олар бұл тамақ адам түгілі, малға да жарамсыз дейді.

"Кеше баламды алып кетуге келген кезде алдымнан жүгіріп шықты. "Мама, тамақ ішкенде құсып тастадым, түкіріп тастадым, оның ішінде боқ болды. Онысы несі дедім. Сол жерде тамақтарды жинап жатыр екен, есік ашық тұрды. Мен ана тамақты көріп шошып кеттім. Жап-жасыл картошка, асты қатты күйіп кеткен", – дейді тәрбиеленушінің анасы Раушан Жұрынбаева.

Тілі шыққан ұл-қыздар "қара түсті фри" жегенін айтыпты. Ата-аналар балабақша асханасынан күйіктің иісі жиі шығатынын айтады. Содан болса керек, кейбір балалар астан бас тартып, үйіне аш қайтады екен.

"Немерем жемейді, бұл жердің тамағын, аш жүреді, кешке дейін. Тек нан жейді. Нан береді, шай береді, болды. Үйге келіп тамақ ішеді. Бұл жерден ештеңе жемейді”, – дейді тәрбиеленушінің анасы Ғалия Әбдуқасымова.

Перзентінің денсаулығына алаңдаған ата-аналар бүгін мән-жайды меңгерушіден білуге тырысты. Айтуларынша, бейсенбі мәзірінде балаларға балықтан жасалған тағам ұсынылуы тиіс болған.

Жаңа меңгеруші келгелі, мемлекеттік балабақшада қордаланған мәселе көп, дейді ата-аналар. Олар көкейдегі сан-сауалға бүгін мекеменің басшысынан жауап алуға тырысты. Ал меңгеруші сол сәтте жұмыс орнымда болдым деп сендірді. Бірақ балаларға қуырылған картоп беріліп жатқанда қайда қарап отырғанын түсіндіре алмады. Тіпті мұндай тамақ ұсынылғанын жоққа шығарып отыр.

"Жоқ бұл балалар картоп жеген жоқ, балаларға бұл картоп жеткен жоқ. Ол суретке түсірілген”, – дейді №166 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Эльмира Атханова.

Ауданның білім басқармасының басшылығы тексеріс жүргізіп жатыр. Жеуге жарамсыз картоптың кішкентайларға ұсынылғанын камерадағы жазба да растады дейді мамандар. Негізі мұндай ас балабақша мәзірінде мүлдем болмауы керек екен.

"Камераның бәрін ашқандай, иә, ондай тамақ тұрды. Бір топта көрдік. Қазір білім басқармасының бұйрығымен тексеру тобын құрдық. Таңғы жетіден бастап тексеріп жатыр, қосымша екінші топ келе жатыр. Мәзірде, негізі, картошка берілмеуі керек. Сол үшін қазір бәрін қараймыз.  Меңгеруші бақыламаған, кеше қарамаған”, – дейді Медеу ауданы білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұрәлиева.

Ата-аналар Е-өтініш платформасы арқылы бірнеше ведомство өкілдеріне шағым жіберіпті. Ол: Медеу ауданы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасы, Алматы білім басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті.

Тексеру тобы балабақшада бүгін кешке дейін жұмыс істеді. Олар мониторинг қорытындысын жақын күндері жарияламақ. Сондай-ақ ата-аналармен арнайы жиналыс өткізеді. Ал болған жағдайға кінәлілер жауапқа тартылады деп сендірді.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы балабақшада балаларға таратылған ботқадан құрт шыққаны туралы жазғанбыз.

Талқылау