"Құны – 7 миллион теңге": Дина Төлепберген алғаш баспаналы болған сәтін есіне алды
Белгілі тележурналист Дина Төлепберген алғашқы баспанасын көрсетіп, оқырман қауымды жігерлендірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/dina_tolepbergen/
Журналистің айтуынша, қарызданып алса да, көп ұзамай қайтарып, пәтер несиесін де жауып тастаған.
"Мүмкін емес" деген адамды тыңдама… Ауылдан келген сәлемдеме, ашыған айран, жерге қойып жасалған палау. Бұл – 24 жастағы Дина. Жаңа қоныстың қонақтарын күткен сәт… Бұл фотолар еш жерде жарияланбаған! Алдыңғы рилсымда бас байлап, тұрмыс құрмас бұрын баспаналы болу туралы айтқан едім. Ол ойымды құптаған қыздар, ата-аналар аз болмады… "Дина пәтерін қаншаға алыпты?" деген сұрақтың болуы да дұрыс. Жасым 22-де! Екі бөлмелі пәтер. Ол кезде пәтер құны 7 миллион теңге болған. Ал қолымда бары 700 мың теңге ғана еді. Солай, тәуекелге бел буып, 10 пайызын құйып, 90 пайыз қарызға алдым. 20 жылға. 7 деген қасиетті санға жабыстым ба, әлде сәйкестік пе?! Алған пәтерім 7 қабатта болып шықты. Айтпақшы, оның бой көтеруін 3 жыл бойы күткен едім”, – деп еске алды медиа маман.
Одан кейін пәтердің жөндеу жұмыстарына да біраз қаражат кеткенін жасырмады.
“Мен үшін ең қиыны – жөндеу. Өйткені пәтер қара әрлеуде берілді. Алдыңда мақсат, мойныңда міндет болғанда, өзіңді аяусыз қамшылайды екенсің. Иә, менде сол кезде сәнді киім, әшекей, қыдыру, демалыс деген болған жоқ. Тек "өз баспанам болады" деген тәтті арманыма жеттім. Сөйтіп жүріп, қарызымды 7 жылдан кейін жауып тастаппын. Тағы жеті. Ақылды сіңлім, үйленуге емес, үй алуға тырысыңыз. Менің 22 жасымда жасаған жетістігімді сіз де жасай аласыз”, – деп қазақ қыздарын жігерлендірді.
Еске салайық, Дина Төлепберген "Астарлы ақиқаттан" ұлы үшін кеткенін мойындаған еді.
Одан кейін журналист алғаш рет жолдасы туралы айтып, үйленуге ұсынысты өзі жасағанын жазған едік.