Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құнанбайдың ұрпағы десе, көбі қорқатын": Абайдың туыстары бүгін қалай өмір сүріп жатыр - туыс немересі әңгімелеп берді

Құнанбайдың тікелей ұрпағы Нұргүл Ысқақова Абай атамыздың кіші інісі Ысқақтан тараған. Кезінде ата-апаларымыз Құнанбай ұрпағы екенін айта алмай, қуғынға ұшырап, көп бейнет көрді. Алайда қазір Құнанбай ұрпағымыз деп ашық айта аламыз, дейді ол. Stan.kz тілшісі Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Құнанбай ұрпағымен тілдесіп, естеліктерін ұсынады.

Құнанбайдың екінші ұлы Тәңірбердіден тараған Еркежан (сол жақта), Абайдан тараған Исрайлдын немересі Қасира апа (ортада), Нұргүл Ысқақова (оң жақта)

Нұргүл Әлішерқызы - Құнанбай мен Ұлжан анамыздан Абай туса, одан кейінгі тете інісі Ысқақ атаның ұрпағы.

Құнанбайдың бірінші әйелі Күңкеден Құдайберді атамыз туған, одан кейін екінші анамыз Ұлжаннан Тәңірберді, одан кейін Абай, одан соң Абай атамыздан кейін екі жылдан кейін Ысқақ ата дүниеге келген, дейді ол.

 

Ысқақ атамыздың Абайға көмегі көп болды

"Ысқақ атамыздың Абай атаға көмегі көп болған. Ол шаруақор, дене пішіні үлкен, салмақты кісі болған. Абай атамыз ғылыммен, біліммен айналыссын деп Ысқақ ата оның бүкіл шаруашылығын өз қолына алған болатын. 

Ысқақ ата Құнанбай атаның бәйбішесі Күңкенің қолында өскен. Бәйбішесінен бір ғана Құдайберді ұлы болған соң, жалғыз болып өспесін деп Ысқақ атаны да Күңкенің қолына берген. Сондықтан Ысқақ атамыз Шәкәрім атаның отбасына жақын өскен.

Құдайберді атаның денсаулығы нашар болғандықтан, ерте көз жұмады. Оның бала-шағасына, Шәкәрім атаға Ысқақа атам бас-көз болған", - дейді Нұргүл Әлішерқызы.

 

Құнанбай ата үш ұлын: Тәңірберді, Ысқақ, Абайды бірге үйлендірген

Нұргүл Ысқақтың айтуынша, үйленген жылдары Ысқақ пен Абай бір қыстақта тұрған. Сондықтан олардың балалары қатар дүниеге келіп, бір-біріне бауырмал болып өскен.

1909 жылы Кәкітай Абай өлеңдерін жинақтап, Петербор қаласында өлеңдерін кітап қылып шығарған болатын. Ең бірінші "Абай жолын" сол кісі шығарған, дейді ол.

"Ысқақ атамыздың Кәкітай ұлы Абай атамыздың қасында өскен, сондықтан өлеңдерін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алған.

Кәкітайдың ұлы Архам атам Жидебайда Абай атамыздың мұражайының - негізін қалаушысы.

Архам атамыз Абай атаның дүниелерін, заттарын жинап, мұражайын қалыптастыруға үлкен үлес қосқан.

Архам атаның кенже ұлы Азат, өзімнің атам. Ол кісі қазақ тілі, қазақ әдебиетінің мұғалімі болды. Семейде Аягөз қаласында тұрдық. Сол қалада мектепте мұғалім бола жүріп "Абай, Шәкәрім, Мұхтар" деген мемориалдық мұражай ашқан еді", - дейді ол. 

Айтуынша, өз атасы Азат "Құнанбай ұрпақтары" деген шежіре сызып беріп кеткен.

"Ол жерде бізге дейін кімнен, қалай тарайтынымызды жазып беріп кеткен. Ол шежіре әлі күнге дейін менде бар. 

Азаттың ұлы Алишер, менің әкем  - тарих пәнінің мұғалімі болды. Әкеміз Құнанбай, Шәкәрім атамыз туралы көп дерек айтатын. Бірақ қазір ол кісілердің барлығы өмірде жоқ", - дейді Нұргүл Ысқақова.

"Архам атаның Мінәш есімді қызы болды, ол кісі абайтанушы еді. "Ұлы Абайға адалдық" деген кітап шығарды. Қарауыл аулында осы әжемнің қолында өстім.

Өзім әдебиеттанушы болмасам да, бизнес саласында жүрсем де, әкем, әжемнің бала кезімде айтқандары есіме алып, әрдайым естеліктерімен бөлісуге тырысып жүремін", - дейді ол.

 

Ұрпақтары бөлек бас қосуға дайындалдық

Нұргүл Ысқақ бүгінгі күнді Абай атамыздың атына арнап, ұлттық мейрам ретінде қалыптастырғанына көңілі толатынын айтады.

Карантин болмағанда, тойға өзіміз де ұрпақтары бөлек бас қосуға дайындалып жатқан болатынбыз, дейді ол. Енді бұл жоспар қыркүйекке қалғанын айтады.

"Бұл күнді мемлекеттік демалыс ретінде жариялау керек дегенге келісе қоймаймын, кездесулер, конференциялар ұйымдастырылса, әдемі кештер өтсе - мен үшін сол демалыс деп есептеймін.

Қазіргі уақытта Абай мұрасын насихаттауға жасалып жатқан шараларға көңілім толады. Конференция, мерекеліс іс-шараларға қатысып жүремін. Жастардың, кішкене балалардың Абай атаның өлеңдерін жатқа білетінін көргенде көңілім толады. Әрине, әлі де жұмыстар жасалуы керек.

Себебі, біз ол кісі туралы ұрпағы бола тұра әлі де толық білмейміз, зерттелуі тиіс нәрсе көп. Абай елін көркейте берсе, нұр үстіне нұр", - дейді Нұргүл Әлішерқызы.

 

Құнанбай ұрпағы екенімізді кезінде айта алмадық

Нұргүл Ысқақова бір өкініштісі Құнанбай ұрпағы екенімізді кезінде айта алмағанымыз дейді.

"Құнанбай ұрпағы десе, байдың ұрпағы деп, қаншама туыстарымыз, ата-апаларымызды соттады, қуғынға жіберді. Мәселен, Шәкәрім атамыздың өзінің өлімін алып қарайтын болсақ, жүрек жарардай. Өз аулының адамдары құдыққа лақтырып, ұлдарына қорлық көрсетіп, өлтірді", - дейді ол.

Айтуынша, Шәкәрімнің ұрпақтары Құдайберділер тіпті тектерінің бір-екі әрпін ауыстырып жіберген. 

"Құнанбайдың ұрпағы, Шәкәрімге, Абайға туыс десе, көбісі қорқатын. Аталарым Шәкәрімнің өлеңдерін айтқанда есікті жауып, өлеңдерін дискіге тығылып жазатыны есімде қалыпты.

Шәкәрімді ақтаймын деп Ахат атамыз қаншама бейнет көрді. Шәкәрім ата ақталды дегенде біз қуанып, той жасаан. Соның өзінде тығылып тойлаған, себебі әлі де қорқыныш бар еді, - дейді ол. 

 

Өкініштісі, көп нәрсе білетін ата-әжелерімізді көзі тірі емес

"Абай атаның көп немересі басқа ұлттан әйел алды, себебі ол уақытта ұлтаралық отбасыларға тиіспеген. Туыстар жан-жаққа шашырап қалдық. Кейін әкем қайтыс болған соң, Шәкәрім атаның ұрпақтарын тауып алдым, әлі де жақсы араласамын. 

Карантин болмағанда, керемет той тойлап жатар едік. Себебі қазір, біз, Құнанбайдың ұрпақтарымыз деп айта аламыз. Өкінштісі, соны айтатын, көп нәрсе білетін ата-апаларымыз бізбен бірге емес.

Мысалы, Абай атамыздың Исраил немерісінен тараған Қасира апамыздан көп естеліктерін естідім, бірге конференцияларға да баратынбыз", - дейді ол. 

Нұргүл Ысқақова Құнанбайдың ұрпақтарымен араласатынын айтады. 

"Ырғызбай ұрпақтары" деген үлкен топ бар. Құнанбай ұрпақтары Алматыда аздау, көбінесе Семейде, астанада тұрады. Әлі де бірең-сараң үлкен кісілердің көзі тірі. Бірақ ұрпағы орыстілді болып кеткен", - дейді Нұргүл Әлішерқызы. 

Нұргүл Ысқақова, Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық тойында

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

 

Талқылау