"Құмды алқаптарда көп": Атырау облысында қарақұрттан қырылған малдың саны 63-ке жетті
Атырау облысындағы үш ауданда қарақұрт 400-ге жуық түйені шағып алған. Салдарынан 63 түйе өліп, қалған ірі қара малға ем-дом жасалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Atyraupress-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ашық дерекөзден
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Индер, Исатай және Құрманғазин аудандарының құмды алқаптарында улы жәндіктер көбейген. Аталған аймақтарда қарақұрт 397 түйені шағып, салдарынан ірі қара мал ауырып қалған.
Ауру малдарға симптоматикалық емдік шаралар жасалып жатыр. Атап айтқанда дене температурасын төмендетіп, иммунитетті көтеріп, диуретиктер беріліп және қанды сұйылтып жатыр. Нәтижесінде 217 бас түйе емделді, ал 117 бас мал ем-дом шараларын қабылдап жатыр. Қарақұрттан уаланған түйелердің 63-і өлген.
Қарақұрттан уланудың алдын алу, емдеу шаралары мен өлген малдың шығыны бюджетке кірмейді. Десе де, жергілікті мал дәрігерлері малдарға медициналық көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ ауру және өлген малдардан сынамалар алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді.
Ведомство зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатынын айтты. Мал иелерінен улы жәндік қаптаған жайылымдық жерлерге түйе, жылқы, сиыр малын жаймай күте тұруын сұрайды. Сондай-ақ ауру малды күту ережелерін қатаң сақтау керегін ескертті. Мал уланған соң өліп қалмас үшін ірі қараның иесі шұғыл ветеринариялық шараларды қолдануы керек.