Құлыбаевтың компаниясына заңсыз берілген ҚазҰУ аумағындағы жер қайтарып алынды
26 маусымда Алматы қалалық соты ҚазҰУ университетінің жеріне әр уақытта иелік еткен компаниялардың апелляциялық шағымын қарады. Олардың барлығы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен байланысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bangkokbook.ru
Университет аумағындағы жер телімі 2007 жылы "Omirex" ЖШС-не заңсыз берілген. Серіктестік ерлі-зайыпты Құлыбаевтарға тиесілі "Кипрос" ЖШС құрылымына кіреді.
Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару басқармасы Қазақ Ұлттық университетіндегі жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою және жеке меншікке беру заңдылығын тексерді. Нәтижесінде әкімдік тарапынан заң бұзылғаны белгілі болды. Ол кезде мегаполис әкімі қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарған.
Фото: gov.kz
"Тексеру нәтижесінде әкімдікке заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді, бірақ олар орындалмады. Сондықтан кадастрлық нөмірі 20-313-009-029 жер телімінің құжаттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілген. 9 сәуірде сот талап арызды қанағаттандырды", – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің хабарламасында.
Жеке меншік иесі апелляциялық шағым түсіріп, оны Алматы қалалық соты бір күн бұрын қарады. Бірақ үкім өзгеріссіз қалды.
Фото: gov.kz
Еске салайық, бұл жерлер бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбек болған (2015 жылдан 2019 жылға дейін қала басшысы болған) кезеңде берілді. Сол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жер әкімдігінің қаулысымен "Omirex" ЖШС меншігінде болды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы соты Тимур Құлыбаевқа ҚазҰУ жерін қайтарып беруді міндеттеген еді.