Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев тергеу изоляторында өзіне-өзі қол жұмсамақ болғанын айтты: Алайда прокурор оның сөзін жоққа шығарды

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев сотта өзіне-өзі қол жұмсамақ болғанын айтты. Сонымен қоса ол бұл әрекетке тергеу изоляторында барғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

бишімбаев

“Салтанаттың өлімі туралы фактінің анықталғаны көңілімді қатты түсіріп, күйзеліске түстім”, – деді Бишімбаев прокурордың сауалына жауап беріп тұрып.

Прокурор Бишімбаевтың Нүкенова мейрамхананың VIP бөлмесінде жатқан кезінде бейнебақылау камерасындағы жазбаларды жою, оның телефонын алып жүру сондай-ақ "Bau" мейрамханасының аумағында әйелдермен кездесу туралы тапсырма бергенін атап өтеді.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы тергеу изоляторында Бишімбаевты жеке бақылағанын және сол бес айдың ішінде экс-министрдің өзіне-өзі қол жұмсау әрекетіне бармағанына назар аударады.



“Құрметті сот, құрметті алқабилер, Бишімбаев қамауға алынған сәттен бастап бес ай бойы мен өз басым процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторындағы камераға орнатылған бейнебақылау камерасын бақыладым. Сол бес айдың ішінде сіз ешқашан өзіңізге зиян тигізуге тырысқан емессіз”, – деді прокурор.

Айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау