Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуінің інілері сексуалды зорлық көрсеткен": Алматыда үш баласымен бірге терезеден секіріп өлген әйел туралы сұмдық деректер айтылды

Алматыда үш баласымен терезеден секіріп өлген Бақтыгүл Қыдырбаеваның туыстары келіншектің өліміне күйеуі Нұрсұлтанды кінәлайды. Марқұмның жолдасы казино ойнап, басқа әйелдің артынан кеткен көрінеді. Онымен қоса күйеуінің інілері Бақтыгүлге жыныстық зорлық-зомбылық жасаған деген дерек бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

НеМолчи қоры үш баласымен бірге секіріп кеткен әйелдің күйеуі туралы сұмдық ақпараттың бетін ашты. Қордың мәліметінше, Бақтыгүл Қадырбаеваның күйеуі Шымкент полициясында ұры ретінде есепте тұрғаны сондай-ақ, құмар ойындарға әуестігі туралы ақпарат бар. 

Сондай-ақ, марқұм әйелдің күйеуінің бай көңілдесі болған. Экспресс К басылымына берген сұхбатында Қыдырбаеваның туыстары Нұрсұлтан Оразовтың әйелінің көзіне шөп салып, басқа келіншектің артынан кеткенін айтқан. 

"Ол бала казино, карта ойнайтын бала. Ол жігіттің бай ойнасы бар. Нұрсұлтанды ақшамен қамтамасыз етіп отырады. Соның кесірінен Бақтыгүл екеуі арасында жанжал болып тұрған. Бұны ата-анасы да білетін. Қыз бен балаларының түбіне осы әңгіме жетсе керек. Қыз біреулер айтқандай ауру емес. Ол өте ақылды қыз болған. Туыстарда жиын-той болса Бақтыгүл сол жерді басқарып жүретін", — дейді Оразгүл Мырзабекова.

Оның айтуынша, көңілдесі Нұрсұлтаннан бірнеше жас үлкен екен. Қазір аяғы ауыр көрінеді. Марқұмның тәтесі бұл жағдайдың бұрыннан бері беті ашылғанын, оны бәрі білетінін жеткізді.

“Ол Алматы технологиялық университетінде сабақ береді. Қазір жүкті. Негізі үш баласы бар. Күйеуіне қандай алтынды (Бақтыгүл – авт) жоғалтқанын айтқанымда көзінен бір жас шықпады. Себебі сол көңілдесіне сеніп тұр”, – дейді марқұмның туысы.

Сондай-ақ әйел отбасылық жанжал кезінде Нұрсұлтанның Бақтыгүлге қол көтергенін айта кетті. 

“Үнемі шу шығарып, оны ұратын. Бақтыгүлдің шаршағаны соншалық, дәл осылай істеуге мәжбүр болды. Әрине, мен оның балаларына істегенін түсіне алмаймын. Көшеде бөтен бала құлап жатса да көмектесуге асығамыз. Ол үш баланы қалай тастай салды, түсінбеймін”, – дейді марқұмның тәтесі.

Ең сұмдығы Оразов басқа әйелге кетіп, үйіне өз інілерін қалдырып жүрген. НеМолчи қорының мәліметінше, ер азаматтың бауырлары марқұм әйелге сексуалды зорлық-зомбылық көрсеткен. Бақтыгүлді ессіз әрекетке итермелеген осы жағдай болуы мүмкін.  

“Қазір мұндай альфонстар көп. Олар басқа әйелдерге оп-оңай бала жасап береді. Басқалардың есебімен өмір сүре тұра, әйелін тастамайды. Толық бақылауында ұстайды. Әйелдің үйден шықпағаны, тіпті дүкенге бармағаны туралы ақпарат бар. Ал әлеуметтік желілерде мүлде аккаунты жоқ. Негізінде 28 жасында қыздар әлеуметтік желілерді белсенді түрде жүргізіп отырады. БАҚ-тың хабарлауынша, суицид жасалғаннан кейін күйеуі бауырларымен бірге келген. Оның басқа әйелмен жүргені туралы ақпарат оқиға болған күні пайда болған. 

Бұл өте ауыр жағдай. Ең сорақысы әйелге күйеуінің інілері жыныстық зорлық-зомбылық жасаған. Осы жағдай алдымен балаларын өлтіруге, содан кейін өзін-өзі өлтіруге ең маңызды себеп болуы мүмкін.  Менің ойымша, ол бұл жағдайға ұзақ уақыт дайындалып, әр сөзін ойластырған. Бақтыгүл білімді әйел. Ол өзімен болған жағдайдан кейін қорқыныш пен ұят сезінгенін байқауға болады. 

Отбасылық құндылықтарға жабысатын, бірақ өмірдің шынайы жалпыадамзаттық құндылықтарын насихаттамайтын біздің патриархалды қоғамымыз әйелді айыптауы мүмкін. Сондықтан оған өзі мен балаларының өлімі жағдайдан шығатын жалғыз амал болып көрінген! Біз қоғамды отбасындағы қылмыскерлерден бөліп үйретуіміз керек. Қатігез күйеу – ол қылмыскер. Бірінші сыныптан бастап зорлық-зомбылықтың жанжал емес қылмыс екенін балаларға айту керек”, – деп жазды НеМолчи қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында. 

Талқылау