Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім 5 баламен тастап кетті": Көп балалы ана тәулігіне 21 сағат жұмыс істеймін деп дертке шалдыққан

Қызылора өңірінің тумасы Сәулеш Өмірзақова 5 баланың анасы. Алматы облысына көшіп келген отбасы небір қиындықты бастап өткерген. Ауырлыққа шыдай алмаған отағасы бала-шағасын тастап кетіп қалған екен. Бұл күндері кейіпкер 21 сағат жұмыс істеп, күнін көрген. 

Бұл туралы "Неке сыры" бағдарламасында айтылды.

Сәулеш Өмірзақова көп балалы ана. Тіркеу анықтамасының жоқтығына байланысты үкіметтен жәрдемақы алмайды. Бес баласын үй көрмей асырап баққанын айтады. 

"Қызылорда өңірінің тумасымын. Алғаш келін болып қайын ағамның үйіне түстім. Жеке баспанамыз болған жоқ. Кейін күйеуім Алматы жаққа жұмысқа кетті. Бұл жақта жұмысқа кірген соң бізді алып кетті. Мен де жұмысқа шықтым. Алматыда тіркеуде болмағандықтан жәрдемақыға өтініш берген жоқпыз. Үлкен ұлдарым мектеп бітіретін жылдары күйеуім ауыртпалыққа шыдамай кетіп қалды. Мен медициналық қолғап шығаратын зауытта таңғы 8-ден түскі 4-ке дейін жұмыс істедім. Үйге келе сала балалардың тамағын жасап, кешкі 7-де екінші жұмысыма кететін едім. Дәмханада картоп фриін жасайтынмын. Тәулік бойы, ұйқысыз, демалыссыз жұмыс істедім", - деді Сәулеш апай. 

Айтуынша, жолдасынан хабар болмаған соң бар жауапкершілікті өз мойнына алған. Балалардың ас-суы мен киімі үшін демалыссыз еңбек етуге мәжбүр болған. 

"Мен шаршағанымды білген жоқпын. Үлгеру үшн, балаларым үшін жұмыс істей бердім. Менің тапқаным пәтерақы мен балалардың киімі, тамағына ғана жетті. Балалар сабақтан келгенде тамақ таппай қалған кезім болды. Мұғалімдер тарапынан көмек болды. Көршілерім көмектесті. Ынтымық деген ауылда тұрдық. Ауыл тұрғындары көмектесті. Солардың арқасында ол күндерден аман өттік", - деді кейіпкер көзіне жас ала. 

Қандай ауыр күндерді бастап кешкенімен өткеніне, жолдасына деген өкпесі жоқ. Алғашында 4 баламен жалғыз қалған. Кейін жолдасымен қайта табысқан соң бесінші баласы өмірге келген. Алайда бұл да жұбаныш болмай жолдасы отбасынан кетіп қалады. 

"Ұлдарым әкесінің келгенін қалады. Өзіміз барып алып келейік деп жалынды. Мен оны қуған жоқпын. Келсе есік ашық дедім. Мен өз аяғымен келгенін қаладым. Туыстары да біздің алып кеткенімізді қалады. Бірақ мен бармадым. Ақыры жолдасым өзі келді. Қазір барлық қатесін түсінді. Балаларымммен, менімен болғысы келеді. Ішімдік ішетін еді. Қазір бес уақыт намаз оқиды. Қандай жағдай болмасын осында болам деді. Адаспайтын адам болмайды. Сондықтан мен оны кешірдім", - деді Өмірзақова. 

Сәулеш апай үй көрмей жұмыс істеп, артық ауыр жұмыстың салдарынан денсаулығына зақым келгенін айтты. 

"Бір күні моншада есімнен танып құладым. Есімді ауруханада жидым. Сонда басымда ісік барын айтты. Егер оны ота жасап алып тастамаса, басымның дұрыс жұмыс істемейтінін айтты. Мен солай келісім бердім. 9 сағат үрделі ота жасады. Ота сәтті шықты. Бәріне шүкір етемін. Балаларымды анама табыстап кеткен едім, балаларымның көз жасы жібермей қайта өмірге келдім", - деді ол. 

Бүгінде Сәулеш апай жолдасымен, балаларымен бірге тұрады. Пәтер жалдап тұрып жатқандарына 12 жыл болған. Жолдасы екеуі жұмысқа жарамсыз. Баспанамыз болса деп армандайды. Көпшіліктен көмек сұрайды. 

Талқылау