Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қасқырдың күшіктеуін тоқтататын күшәла қандай дауаға ем?

Медицина дамымай тұрып та бағзы заманғы қазақтар түрлі аурудың емін дәл тауып, құлан таза айықтырудың жолдарын білген. Түрлі аурудың дауасын емдік шөптерден тапқан. Ертедегі қазақтар ем үшін қолданған өсімдіктің бірі әрі бірегейі - күшәла. Аты да, заты да ерекше өсімдік қандай ауруларыға ем екенін Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.

Күшәла қандай дауаға емКүшәла – халық емшілігінде ем және у ретінде пайдаланылатын улы өсімдік. Күшәла жөтел, шаншу сияқты ауруларды емдеуге қолданылған.

Күшәладан дәрі жасау үшін оның бұршағының қабығын аршып, ыдысқа салып, үстіне су құйып қайнатады. Әбден қайнағаннан кейін бұршағын сүзіп алып, оның суына сүт қатып ішеді.

Сондай-ақ, оның 1,5 бұршағын ұсақтап, құрғақ күйінде 6 күндей жеп, соңынан жақсылап сорпаланады. Ұрғашы күшаланың бес не жетеуін қымызға қосып та емдік үшін пайдаланатын болған.

Тек дәрет алып, ер адамдарға ғана жинауға рұқсат: Адыраспан қандай ауруларға ем болады? >>>

Ертеде күшәланы қасқыр көп болған жылдары оларды аулауға да пайдаланған. Ол үшін бір қойды бір айдан астам жеміне аз-аздан күшәла қосып беріп баққан. Осы кездері бойына күшәла уы жайылған қой өлген соң, оның жемтігіне қосып аздап күшәла сеуіп, қасқыр жүретін жерге апарып тастайды. Ашыққан қасқырлар оны таласа-тармаса жеген соң кешікпей уланып өледі.

Сонымен бірге қаншық иттің күшіктеуін тоқтату үшін, күшәланы бір кесек етке қосып та берген. Саят кезінде тояттаған бүркітті аңға қайта ұшыру үшін күшәланың тарыдайын ұнтақтап, суға араластырып алған соң түтікпен жемсауына қарай бүркеді. Сәлден соң бүркіт жегенін дереу құсып, іші тазарады.

Күшәланы, әсіресе, мал емдеу практикаларында, жұқпалы ауруларды емдеуге қолданылады. Мысалы, құтпан малдың қауіпті ауруы қарақапталды емдегенде күшәла түйірлерін жемге араластыра отырып береді (қ. Қарақаптал). Сондай-ақ, малдың өкпе сырқаттарын күшәла көмегімен емдеген (қ. Өкпе).

Этнограф ғалым Ислам Жеменей:

Күшәла біздің жерде аз кездеседі. Иран елдерінде көбірек өсуі мүмкін. Емдік үшін қолданылады деп естідік, бірақ оны көріп тікелей практикадан өткізген жоқпыз. Өзім оның емдік қасиеттеріне сенемін.

Адыраспан пен күшәла өзіндік емдік қасиеті бар, бірақ олар жеткілікті дәрежеде зерттелмей жатқанын баса айтқым келеді. Арнайы зерттеушілер бөлініп, мемлекет қаржылай қолдау көрсетуі керек.

 

Мәліметтер:  "Қазақтың этнографиялық категориялыр, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиясынан алынды. 3 том

Материал авторы: Жанна Мәлік

 
Талқылау