Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрамында қандай қоспалары бар тағамдар халал өнімге жатпайды

Алла Тағала барша құлдарына тура жолды нұсқаушы етіп Құран Кәрім мен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жіберді. Туралықтың жаршысы болатын құлшылықтың өзегін халал дүние құрайды. Сондықтан осы мақалада халал тақырыбын басты нысана етіп алдық.

58e1f16a34472kazakh-zerno

Тақырыпты ашу үшін игі кісілердің ізгі амалдары жайлы ғибратты әңгімелерден бастасақ:

Исламда:

Тақуа кісілердің бірі Әбу Бәкір Уаррақ бір әңгімесінде:

«Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін маңайымдағы кісілерге қарап, кімнің адал ас, кімнің арам ас жегенін ажырата алам, –  деді.

Жанындағылар: – Ұстаз, оны қалай ажыратасыз? – деп сұрағанда, былай деп түсіндірді:

– Кімде кім таң ата бос сөз, бөстекі әңгімеге салынса, әркімдерді сырттай жамандап, былапыт сөз айта бастаса, демек, оның бұл әрекеті арам ас жегендігінен туындауда деп түсінем.

Ал егер кімде-кім таңертең тұрғаннан кейін әуелі Алла Тағаланы көп зікір етіп, тәухид кәлимасын айтып, өзіне кешірім-истиғфар тілесе, оның бұл әрекеті адал ас жегендігінен. Өйткені адал да, арам да адамның күнделікті іс-әрекетіне міндетті түрде әсер етеді», – деп жазады ihsan.kz.

Әбу Ханифа харам істерге барынша сақтық танытатын еді. Егер бір нәрседен күмәнданса, қолындағы бар дүниесін дереу садақаға таратып жіберетін. Бірде серіктесі Хафыс ибн Абдуррахманға өз заттарын беріп, сатып келуге жібереді. Заттарының арасында бір киімде ақау бар еді. Оған бұл киімді сатқанда, алушыға кемістігін жасырмай айтуын тапсырады. Серіктесі киімдерді сату барысында манағы киім жайлы ескертпені айтуды ұмыт қалдырады. Алған адамның кім екенін де білмейді, есінде де қалмайды. Әбу Ханифа бұны естігенде, сол заттардан түскен қаржының барлығын тағы да садақаға таратып жіберген екен.

Баязит Бистами жас кезінде құлшылықтарынан кейде рухани ләззат ала алмай жүрді. Бірде анасына барып: «Кейде жүрегім перделеніп, өзімді Аллаһтан алыстағандай сезінемін, бірақ, себебі өзіме беймәлім», – деп ішкі дүниесінен хабар береді. Анасы ойланып отырып: «Бір нәрсе менің есімде. Сенің төрт-бес айлық кезіңде сені көтеріп алып, көрші үйге барған едім. Біраз мезеттен соң сен тынбай жылай бастадың. Мен сені уатпақ болған сайын одан бетер жыладың. Ақырында амалым таусылып, үй иесінің рұқсатынсыз саусағымның ұшын қазанындағы сорпасына батырып, саған дәм таттырып едім», – дейді. Бұны естігенде, жігіт дереу анасын жібертіп, көршіден кешірім сұратады. Содан кейін барып Баязит Бистамидің рухани жағдайы түзеліп, жүрегі жай табады.

Әрбір оқиға әртүрлі негізде орын алған. Алғашқы оқиғадан халалдан болмаған ас адам мінезі мен өмір тіршілігіне теріс әсер беретіндігін, екінші мысалдан қандайда харам нәрсе пайдаланса оның күнәсін садақамен кетірген абзалдын және соңғы оқиғадан жанның тынышты халалды пайдаланып, игі амал жасағанды тыныштық табатынын көреміз.

Құран Кәрімде:

Алла Тағаланың  ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында “Бақара” сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!»,  «Мәида» сүресінің 88-аятында:  «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген.

Арам ас жеу қасиетті Құранда – екі жүзді мұнапықтар мен кәпірлердің бір сипаты ретінде былай деп түсіндіріледі: «…олар өтірікті тыңдауға құмбыл және арам жеуге тым бейім».

Алла тағала Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер, ризықтандырғанымыздың жақсысын жеңдер».

Шариғат үкімі бойынша мұсылман баласы Алла бұйырған тағаммен қоректенуі керек. Өйткені, Құранда: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген.

Дұғаның қабыл болмауы

Алла елшісі ﷺ түр-әлпеті лас бір кісінің қолын жайып: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» – деп дұға етіп отырғанын көреді. Сол кезде: «Бұл кісінің жегені – арам, ішкені – арам, кигені – арам, араммен қоректеніп жүр. Енді мұның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деген.

Бір күні Сағыд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Аллаһ Елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Пайғамбарымыз ﷺ: «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен. Даналықтың қайнары  Құран мен ғұмырлық маңызы терең хадистер баянында  Алланың асыл үкімдері мен адам өмірі тұрғысында адал астың маңыздылығын айқындай түседі.

Олай болса, бүгін біз не ішіп, не жеп жүрміз, бала-шағамыздың аузына қандай ас салудамыз деген ой жадымыздан шықпағаны абзал.

Медицинада

Жалпы тағам өнімдерін сатып алған кезде тауардың этикеткасындағы канцерогенді заттар туралы мәліметке мұқият назар салған жөн. Егер  тауардың  этикеткасында «Е» деген ақпарат көрсетілсе, онда өнімге азықтық қоспалар, химиялық дәмдегіштер, жасанды бояу қосылды деген сөз. Олар өнімді бұзылудан сақтайтын, бірақ сау адамды науқас қылатын күшті реагенттер. Дүниежүзілік тамақ өндірісінде азықтық қоспаның 3 түрін қолдануға қатаң тыйым салынған. Олар: Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояуы, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формальдегид консерванты. Осындай «Е»-лерді көзіңіз шалса, абзалы алмағаныңыз дұрыс.

«Биссимилла» айтылып сойылған малдың еті мен айтылмай сойылған малдың етінде үлкен айырмашылық бар екенін Сирия медуниверситетінің бір топ ғалымдары 3 жыл айналысып тапты. Лаборатория жетекшісі профессор Халид Халавенің «moheet.com» сайтына берген сұхбатында: «Биссимилласы айтылмай сойылған мал мен құс етінің құрамынан ұйыған қан, көбеюге бейім бактерия мен микробтар көп табылды және тез бұзылып жатты. Келесі етте ондай жағдай кезікпеді» дейді.

Доңыз исламда харам жануар деп танылған. Медицинада көптеген дәрілерге доңыз майы қосылады. Мысалы, асқазан ауруына пайдаланатын пепсиннің құрамында доңыздың асқазанынан алынған фимозин қоспасы бар. Бұдан басқа күнделікті тұрмыстық заттардың көбіне шошқаның кейбір мүшелері қосылатынын ескертеміз!

Қазір халал стандартына көшкен елдерде барлық өнеркәсіп өнімдеріне доңыз майын қолдану толық тоқтады. Олар оның орнына ксантан және гуар шырышын пайдалануда.

Халал стандарт

«Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Халал үкімі тек тағамға ғана тән десек қателесеміз. Халал индустриясына –  тамақ өнеркәсібіжеңіл өнеркәсіпбілім беру (ислам теологиясы, мектеп, балабақша, жоғары оқу орындары т.б.), денсаулық саласы (дәрі-дәрмек, акушерлік қызмет, перзентхана, мәйітхана т.б.), қаржы жүйесі (кредит, өсім, банкинг т.б.), мәдени орындар және т.б. жатады. Нақтырақ айтқанда, халал стандартты қажет етпейтін құрылым жоқ.

Қазақстанда: Бүгінде Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының (ҚМДБ) қарамағында халал өнімдерді сертификаттау бөлімі жұмыс жасайды. Қазақстан халықаралық стандартқа сай болу үшін Герман халықаралық қауымдастығы және Ислам даму банкімен біргелікте жұмыстар жасалуда. Халықаралық тәжірибе негізінде халал өнім шығару үшін Қазақстанға техникалық қолдау көрсету мақсатында төртжақты «Reverse Linkage» (кері байланыс) жобасы іске қосылған.

Үстіміздегі жылы Отандық өнімінің 95 пайызы халал болып келетін    Малайзия елімен қызметтік байланыс орнату көзделген. Қазірде елімізде Отандық сапалы өнім шығарушы кәсіпорындар саны артып келеді. Елде өндірілетін және экспортталған тауарлармен жұмыс жасайтын  кәсіпорындар Халал сертификатту бөлімінің талаптарына сай болған жағдайда ҚМДБ куәлігін ала алады. 2016 жылғы статистика бойынша 600-ден астам кәсіпорын ҚМДБ Халал куәлігін  алған. ҚМДБ Халал сертификаттау бөлімінің Қарағанды өңірі бойынша жауапты маманы Ы.Р.Абдрахманов.

Әлемде халал өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оны ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынады. 2005 жылы халал өнімнің жылдық айналымы 5 миллиард долларды құраса, қазір 4 триллион долларға жеткен. Халал стандарты бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін «Total Global Halal industries» атты құрылым бар. Аталмыш құрылымның жұмысын жүргізіп отырған ел – Малайзия.

Жер асымыз, тапқан табысымыз, істеген амалдарымыз халалдан болғай!

Абдрахманов Ысқақ Рахымжанұлы, Теміртау қалалаық орталық мешіттің бас имамы

Жіберіп алмаңыз:

Иттің жын-шайтанды көргенде ұлитыны рас па

“Халал” алкоголь мұсылмандардың жағасын ұстатты

Қай жануарлардың еті халал саналады?

Талқылау