"Күміс жас" жобасы бойынша жұмысқа орналасқан 55 жастағы мұғалім жобаның артықшылықтары туралы айтты
Зейнет жасына таяған ұстаз Зүлфия Көбеева 20 жылдан астам уақыт мектепте математика пәнін тереңдетіп оқытатын мұғалім болған. 2011 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген қандас біршама уақыт тұрақты жұмыстан қол үзіп қалады. Биыл ол "Күміс жас" жобасы бойынша жекеменшік оқу орталығының біріне математика пәні мұғалімі болып орналасты.
Сурет Зүлфия Көбееваның жеке дерегінен
55 жастағы Зүлфия Көбеева жоба аясында Түркістан облысында оқушыларға қосымша білім берумен айналысады. Ол бұл жобаға дейін ауыл балаларына математикадан дайындық курсын өткізіп жүргенін айтады.
"20 жылдай Өзбекстанда қала мектебінде математикадан сабақ бердім. 2011 жылы елге көшіп келдік, сол жылдары балаларым кішірек болғандықтан, солардың тәрбиесімен 10 жылдай ұстаздықтан қол үзіп қалдым. Бірақ уақытша түрлі жұмыс істедім, мысалы, ыдыс жудым, егістікте қияр тердім, қарап отырсам мұғалім болып істеген адамға ол ауырлау екен. Сөйтіп жүргенде менің математик екенімді білген ата-аналар балаларына сабақ беруімді өтінді. Үйде оқыттым, біртіндеп бала саны өсе бастады. Жақсы нәтижелер көрсетті", - дейді ұстаз.
Зейнет жасына аз уақыт қалған мұғалім "Күміс жас" жобасы бойынша жұмыс тапқанына қуанышты. Зүлфия Алмасқызы алдағы үш жыл бойы осы жобаның қатысушысы.
""Күміс жас" жобасы туралы жаңалықтардан естідім. Бірден мансап орталығына тіркелдім. Қазір Түркістан облысы Ақбұлақ ауылында жекеменшік оқу орталығында мұғаліммін. Бізді мына жасымызда көп жер жұмысқа алмайды. Сондықтан "Күміс жас" жобасы бізге ыңғайлы. Айлығымызды уақытында аламыз, медициналық сақтандыруға, зейнетақы жинағына төлем де уақытылы аударылады", - дейді ол.
Ұстаз "Күміс жас" жобасының ұтымды тұсын да атап өтті. Айтуынша, оқу орталығында мектептегідей құжат толтыру сияқты артық жүктеме жоқ.
"Мектепте жүрсем сәл ауыр болатын еді. Кезінде істегендіктен білемін. Мұнда тек баламен жұмыс істеймін", - дейді Зүлфия Көбеева.
Айта кетерлігі, Зүлфия Көбеева әсіресе медициналық сақтандырудың болғанына риза. Себебі ұстаз төрт ай бұрын денсаулығы сыр беріп, дәрігер көмегіне жүгінуге тура келген.
55 жастағы ұстаз өзі секілді зейнет жасына аз уақыт қалған жұмыссыз замандастарын осы жобаға қатысуға шақырып жүр.
"Үнемі айтатыным – үйде отырып қалмай, ізденіп, "Күміс жас" жобасына қатысу керек. Мен биыл тіркеліп, қазір жоба бойынша жұмыс істеп жүрмін. Бұл кезінде жұмыс істеп, бірақ зейнетке аз қалғанда жұмыссыз қалған, үйде отырған мейірбикелерге, азпаз сияқты мамандарға керемет мүмкіндік", - дейді кейіпкер.
Айта кетейік, "Күміс жас" – жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған, 50 жастан асқан жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құратын еңбекақысы субсидияланатын жұмыс орны.
2023 жылдың 1 қаңтарынан "Күміс жас" жобасына қатысу мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылған.
2023 жылдан бастап жалақыға берілетін субсидиялар мөлшері де ұлғайтылды: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
Айта кетсек, "Күміс жас" жобасы аясында жыл сайын кемінде 15 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.