Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күдіктілердің жартысы бостандықта жүр": Алматы облысында сыра үшін қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің әкесі үндеу жасады (видео)

Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам жасөспірімді өлтіріп кеткен еді. Олар кәмелет жасына толмаған балаға, оның әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. Марқұмның отбасы ұлының өліміне кінәлілердің түгел жазалануын сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Марқұм Шерзаттың отбасы кісі өлтіруге қатысқандардың барлығын ұстап, жазалауды талап етеді. Бүгін оның әкесі мәлімдеме жасады.

“Мен – кісі қолынан қаза тапқан Шерзаттың әкесімін. Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа арызданамын. Кісі өлгеннен бері аудан билігі әрекетсіздік танытып, жұмысты кейінге қалдырып отыр. Олар тіпті баламның аты-жөнін де білмейді... Түн ортасында телефон соғып, өзімізді қорқытып, арыз жазуға мәжбүрлейді. Сондықтан әділ тергеуді сұраймын", – деді марқұмның әкесі.

Марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың барлығын қамауға алмағанын айтты.

"Олардың барлық қылмыскерлерді ұстап, бізге көрсеткенін қалаймыз. Бізді теледидарға шақырып жатыр. Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді", – деді ол.

Туыстарының айтуынша, Талғардағы төбелеске кемінде 13 адам қатысқан. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.



Алматы облысының полиция департаменті полиция кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

“Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір барлық мән-жай бойынша тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергеуі Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында”, – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті.

Ішкі істер министрі әлеуметтік желідегі парақшасында барлық жағдай өз бақылауында екенін мәлімдеді.

"Менің бірінші орынбасарымнан бастап бір топ ішкі істер қызметкері тергеудің толық және сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Барлық кінәлілер лайықты жазасын алады", – деп жазды министр Ержан Сәденов.

Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. 

Талқылау