Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күдіктілер полицияда қызмет атқарған": Атырауда әлем чемпионының өліміне қатысты тергеу баяу жүріп жатыр

Атырауда грэпплин күресінен әлем чемпионы Есенбек Сиғуатовтың өліміне қатысты тергеу баяу жүріп жатыр. Спортшының әкесі осылай мәлімдеме жасады. Оның пайымынша, бұған күдіктілердің полицияда қызмет атқарғаны себеп болуы мүмкін. Төбелесті ұйымдастырған адам бостандықта жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қанды атыста оқ Есенбектің жүрегіне тиіп, оқиға орынанда жан тапсырды. Қылмыс 3 ай бұрын болған. 18 жастағы спортшы Есенбек Сиғуатов грэпплингтен әлем чемпионы еді. Одан бөлек қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсумен айналысқан. Ұлттық құрамаға кіруге дайындалып жүрген ұлынан бір түнде айырылған ата-анасы әлі ес жия алар емес.   

"Тергеу жұмыстары өте баяу және дұрыс орнымен жасалып жатқан жоқ. Себебі қылмысты ұйымдастырған азаматтар бірінші бастап қамалу керек. Олар белгісіз себептермен қамалмай жатыр, әлі күнге дейін. Қылмысты ұйымдастырған қылмыскерлер жазасын тарту керек. Түрмеде отыру керек деп есептеймін", - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.

Сол қаралы түн әкесінің әлі есінде. Туған күнге кеткен ұлының денесін достары таңғы сағат 4-тер шамасында әкелген. Олардың айтуынша, бәрі бірге ауылдастарын соққыға жыққан адамдарға себебін білуге барған. Сол кезде қарсыластары сөзге келместен оларға оқ жаудырыпты. Күдікті ретінде полиция қызметкері қамалған.

"Күдікті біреуі қаруды жасырған. Екіншісі мылтықты атқан. Екеуі де су полициясында жұмыс істегендер. Қару жасырған жұмыс істейтін қызметкер болып кетіп бара жатыр. "Атты" деген күдікті 2-3 күн бұрын шығып кетті деп бұрынғы болып бара жатыр", - деді марқұмның әкесі Тоқсанбай Оразғали.

Полиция департаменті өкілдері  Қылмыстық Кодекстің 99-бабы, яғни "Адам өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын айтты. Басқа ақпараттар тергеу құпиясына байланысты айтылмады.  

"Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жалғасып жатыр.  Тағайындалған күрделі сараптамалар қорытындысы күтілуде. Іс бойынша тиісті сараптама қорытындысына сай  шешім қабылданады", - деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова.

Ал әлем чемпионының әкесі, нағыз қылмыскерді қамап, жазаламайынша әділдік іздеуді тоқтатпайтынын мәлімдеді. Ол енді ішкі істер министрлігіне шағым жазбақ.

Талқылау