Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күдіктіге қыздың орнына мен қалайын деп едім, көнбеді –  Министр Kaspi банкке жасалған шабуыл туралы

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Kaspi банк бөлімшесіндегі арнайы операцияға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Министр басқыншының қолында ойыншық емес, нағыз қару болғанын растады.

"Шабуыл 10-12 секундқа созылды. Шабуыл кезінде қолданылған арнайы құралдар адамдарға қауіп төндірмейді, олар қылмыскердің назарын аудару үшін пайдаланылды", - деді Ахметжанов үкімет кулуарында.

Айтуынша, ол басқыншымен телефон арқылы өзі сөйлескен, содан кейін бөлімшеге кіріп, кепілге алынған қызды босатуды өтінген.

"Келіссөзге барғанда сізді кепілдікке алады деп ойлаған жоқсыз ба?", - деп сұрады журналист Үкімет кулуарында.

Министр ондай қорқыныш болмағанын айтты.

"Жоқ, мен өзім бардым. Өзім айттым, "қызды босатып, мен қалайын" дедім. Бірақ ол көнбеді оған", - деді Марат Ахметжанов.

Айтуынша, егер басқыншы тұтқында ұстаған адамдарды өз еркімен жіберіп, полицияға берілсе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

“Қылмыстық кодекстің 261-бабы бойынша осындай ескертпе бар", - деп түсіндірді Ахметжанов.

ІІМ басшысының айтуынша, шабуылды бастамас бұрын оқиға орнында интернет пен байланыс бұғатталған.

Еске салсақ, 18 маусымда Астанадағы " Kaspi банк" филиалын белгісіз біреу басып алды. Тапаншаға ұқсас зат ұстаған ер адам 7 адамды кепілге алып, бірнеше талап қойды. 

Прокуратураның мәліметіне сәйкес, 30 жастағы Әлихат Мұрадов 2013 жылдан бері есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр. Жамбыл облысының тумасы банктен кредит те алған. Екі рет қылмыстық іс бойынша күдікті болып танылған.

Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне Қылмыстық кодекстің 261-бабы, 2 бөлігі (Адамды кепілге алу) бойынша тіркелді. Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 19 Маусым, 2023 17:20