Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуаңшылықтан қырылған малдың шығынын мемлекет өтемейді - Ауыл шаруашылық министрлігі

Қуаңшылықтан қырылған малдың шығынын мемлекет өтемейді. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеп. 

Ведомстводағы аппарат басшысының сөзінше, қазіргі уақытта Маңғыстау мен Қызылорда облыстарын қоса алғанда 1500-ден астам мал басы қырылған. Сондай-ақ ол 2020 жылдың басынан бері Қазақстанда ерікті түрде сақтандыру туралы заң қабылданғанын еске салды.

"Егер шаруа бизнесінің тиімділігін ойласа, өзінің мал басын осы сынды оқыс жайттардан сақтандыра алады. Әзірге бұл жаңа тетік болғандықтан, шаруалар игеріп кете алмай отыр", – деді Марат Оразаев. Сонымен қатар ол мал азығын дайындау үшін республикалық штаб құрылғанын айтты. Қуаңшылықтың құрсауында қалған Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына басқа аймақтардан жем-шөп тасымалданып жатыр екен.



Айтпақшы, министрліктің аппарат басшысы: "Жаздан жүдеу шыққан малдың жағдайы ет бағасына әсер етпейді", – деп кесіп айтты.  

"Жаз уақытында, күзге қарай биылғы жылғы төлдер жетіледі. Сөйтіп, сатылымға шығарылады. Соның есебінен жаз уақытында еттің бағасы өспейді деп толығымен айта аламыз. Күздің уақытында да солай болады. Өйткені шаруашылық өзінің қысқа дайындаған жем-шөбімен малдары сатылымға шығарады. Сол себепті еттің бағасы өспейді", – дейді ҚР ауыл шаруашылық министрлігінң аппарт басшысы Марат Оразбаев. 

Министрлік мамандарының айтуынша, әзірге ел бойынша төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ. Нақты шешім шілдедегі жауын-шашын мөлшеріне байланысты екен. Онда да ел бойынша емес, қуаңшылық байқалған өңірлерде ғана жарияланады. Айта кетейік, синоптиктер осы айда еліміздің басым бөлігінде құрғақшылық болады деп болжап отыр. Әсіресе Ақтөбе, Қостанай, Атырау және Маңғыстау облыстарының жекелеген елді мекендерінде жағдайдың ушығатынын хабарлаған еді.

Талқылау