Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"КСРО кезеңінен қалған техникалардың әбден тозығы жеткен": Қазақстан әскері соғыс қаупіне дайын ба?

Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрған тұста Қазақстан да қорғаныс саласына қатты көңіл бөле бастады. 7 сәуір күні қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева парламентте үшжылдық бюджетті таныстыру кезінде "төтенше жағдай мен құқық қорғау органдарының техникасын жаңартуға және жауынгерлік даярлықты шыңдауға" қосымша 441 млрд теңге бөлінетінін айтты. Осы тұста еліміздің әскері болжамды соғыс жағдайына дайын ба деген сұрақ туындайды. Stan.kz тілшісі бұл мәселені зерделеп, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

аскер 2022

Тозығы жеткен техника мен Қазақстан әскеріндегі жағдай 

Үкіметтің қорғаныс саласына бөлетін қосымша қаражатының көп бөлігі ішкі істер министрлігі, ұлттық гвардия, қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелерінің санын арттыруға сондай-ақ қосымша техника сатып алуға бөлінбек. Мұнымен қатар әскери қызметкерлердің жалақысы 40 пайызға өседі. Ал қорғаныс министрлігінің мәліметінше, министрліктің биылғы нақтыланған бюджеті 520,5 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат қарулы күштердің жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қорғаныс пен қарулы күштерді ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге жұмсалмақ.

Бұған дейін жергілікті БАҚ беттерінде Қазақстан әскеріндегі техникалардың көпшілігі 1960 жылдары шығарылғаны және олардың басым көпшілігінің ескіріп, тозығы жетіп тұрғаны туралы жазылған.

Бұл сөзімізді қорғаныс министрлігі де растайды. Министрліктің редакцияға жолдаған ресми жауабында, бүгінгі күні еліміздің армиясы кеңестік өндірістің қару-жарағымен және әскери техникасымен жарақтандырылғанын айта келе, қару-жарақ пен әскери техниканың, оқ-дәрілердің белгілі бір бөлігі ескіргенін айтады. Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта оларды жөндеу мен тіршілік циклін ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазақстанда КСРО әскерінен қалған 1,2 мың бірліктен астам қару-жарақ пен әскери техника сақталып, жөндеуден және жаңғыртудан өткен. Ал қорғаныс министрлігі қару-жарақтың перспективалық үлгілерін сатып алудың орнына, қолда бар техниканы жамап-жасқауды жалғастыруда.

Батыс басылымдары болса Қазақстанның қорғаныс саласы қаруды негізінен Ресейден алатынын айтады. Ал кей сарапшылар қару-жараққа келгенде еліміз Ресейден шыққан қаруға сенім артпағаны жөн деп санайды.

"Халықтың армияға деген сенімі төмендеп кетті"

Әскери тақырыптарды жазып жүрген журналист Амангелді Құрметұлы үкімет қорғаныс саласына бұдан бұрын да көп қаражат бөліп келе жатқанын айтады. Журналист әсіресе әскерилердің қорғаныс саласын тым құпия санайтынын сынайды.

"Еліміздегі әскери бөлімдердің, қоймалардың басым көпшілігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан олардың тұрған орнын тауып алу оп-оңай. Олар жайлы ақпаратты әлемнің көптеген компаниялары анықтап қойған, Google немесе басқа ақпарат көздерінде бар нәрсе. Сондықтан қорғаныс саласын дамытуды қаласақ белгілі бір кезекте бұл саланың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені, өкінішке орай, қарулы күштерде әлі күнге дейін қайғылы оқиғалар көп. Азаматтар мерт болып жатыр, әлімжеттіктің түрлі-түрлі формалары бар, буллинг бар. Осы себепті халықтың әскерге артқан сенімі төмендеп кетті. Сонымен қоса, қорғаныс саласындағы былықшылықтарды қоғамның бақылау мүмкіндігі жоқ. Біздің қоғамда адам қадірі төмен болғандықтан буллинг те, басқасы да болады", - дейді Құрметұлы.



Журналист бірінші кезекте, офицерлердің жас әскерилерге адам қадірін түсінуді үйреткен дұрыс деп санайтынын айтады.

"Қорғаныс мәселесіне келетін болсақ, біз батальондық жасақтардың қалай құрылғанын, бригадаларымыздың құрылу деңгейінің қаншалықты екенін біле бермейміз. Белгілі бір стандарттар бар, бірақ менің пайымдауымша біздің әскерилер НАТО-лық үлгідегі стандарттарға жетпеуі мүмкін. Құдай бетін ары қылсын, әскерилердің нақты қауқары тек шынайы ұрыста ғана белгілі болады. Қорғаныс саласын дамытуда әлбетте жоғары технология және білікті мамандарды көбірек даярлау мәселесіне назар аударған жөн. Ал қару-жараққа келетін болсақ, қай елді алып қарасақ та маман мықты болмайынша кез келген қару жәй ғана темір есебінде қалады. Маман мықты болса ескі қарудың өзінен пайда көруі мүмкін", - деп түсіндірді журналист.

Қазақстан әскеріндегі дрондардың қауқары қандай?

Қорғаныс министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, ел әскерінде Қытайдың WingLoong-1 және Израильдің Skylark-1LEX әскери дрондары бар. 

"Біріншіден, қолданыстағы ұшқышсыз ұшатын аппараттардың нақты саны жөніндегі ақпарат таратылуы шектеулі мәлімет болып саналады. Әйтсе де бүгінде Қазақстан Қарулы күштерінде израильдің "Skylark-1",  қытайдың "Wing Loong" құрылғылары қолданылады. Одан өзге биыл әуе қорғанысы күштеріне түріктің "Аnka" барлау және соққы беруші аппаратын жеткізу де жоспарланған", - делінген қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

Сондай-ақ министрлік қазіргі кезде Түркияның "Bayraktar-TB-2" құрылғысын сатып алу мәселесі зерделеу үстінде екенін жеткізді. Мұндай ұшқышсыз басқарылатын құрылғыны қолдану және сақтауды қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қарастырылып жатыр екен.

Қазақстанда құрастырылмақ "Anka" мен отандық "Шағала" дроны

Тоқаевтың Түркияға жасаған іс-сапары барысында түріктерден сатып алуды жоспарлап отырған "Аnka" дронын Қазақстанда жасап шығару туралы келісімге келді. Кейбір деректерде "Аnka" дронының "Bayraktar-дан" асып түсетіні айтылады.

Амангелді Құрметұлы екі ел арасындағы келісім жайлы ақпараттың ұшы 2018 жылы шыққанын айтады.

"Солай болғанымен, бұл ақпарат біздің медиа кеңістікте көзге түспеді. "Аnka" дрондарының "Bayraktar-дан" бірінші ерекшелігі, олардың көлемінде. "Bayraktar"-дың ұзындығы 6,5 м болса, "Аnka"-нікі 8 м. Сондай-ақ қанаттарының құлашы "Bayraktar"-да 12 м, "Аnka"-да 17,5 м деген секілді. Және Қазақстанда құрастырылатын бұл дрон "Bayraktar"-ға қарағанда 100-150 кг артық жүк көтере алады", - дейді ол.

Түркияның квазисекторлық "Түрік аэроғарыш кәсіпорны" (TUSAŞ) бұл ұшқышсыз аппаратты 2004 жылы Түркия қарулы күштеріне арнап, құрастыра бастап, 2010 жылы алғаш сынақтан өткен. 

"Қазақстан бұл келісімнен пайда көретіні анық, өйткені екі ел қаражатты бірдей шығарғанның өзінде елімізде дрон жасау кәсібін меңгерген инженерлердің саны артады. Ал еліміз бұл дрондарды экспортқа шығару арқылы пайда көреді. Ең бастысы, бұл бұқараға месседж. Өзіміздің қаруымыз бар, өзіміз дрон жасаймыз деген секілді, бәлкім бұл әскерге деген сенімді қайта оятуға серпін де беруі мүмкін. Тарап жатқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан бұл келісімнен 6 комплект "Аnka" дронын алуы мүмкін. 6 комплект дегеніміз – шамамен 20-25 шақты дрон деген сөз. Егер шекарамыздың ауқымды екенін ескерсек, онда санаулы дронмен ешқандай мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан жан-жақты зерделеп, әртүрлі қаруларды армияға ала берген жөн", - дейді Құрметұлы.



Елімізде "Шағала" атты барлау дроны құрастырылып жатыр. Ұшқышсыз ұшақты Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары жасауда. Бұған дейінгі ақпараттарда, дронның 30 км-ге дейін қашықтықта ұша алатыны жазылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта "Шағала" ұшқышсыз авиациялық кешені зауыттық сынақтан өткен. Соның нәтижесінде, барлық сынақтардан сәтті өткеннен соң отандық дрон ағымдағы жылдың IV тоқсанында әскери бөлімшелерге жіберілмек. Сондай-ақ осы сынақтардың нәтижесінде, қарулы күштерді "Шағаламен" қаруландыру туралы шешім қабылданады.

Амангелді Құрмет "Шағала" дронын құрайтын бөлшектердің 75 пайызын өзіміздің мамандар құрастырып жатқанын жеткізді.

"Мұндай дрондар өте ұзақ уақыт сынақтан өтеді. Ол ұшу характеристикасынан бастап, ауадағы жел күшіне төтеп беруі, сигналдарды қабылдау және жіберу мүмкіндіктері, оптикасының қуаты мен шағын радарлар деген көптеген детальдар болуы мүмкін. Және "Шағаланың" өзі Skylark-1LEX үлгісіндегі дрон екенін ескеру қажет. "Шағала" нысана көздеуге және барлау жасауға көмектеседі", - дейді журналист.

Қазақстанның төл әскери техникалары

Тәуелсіз әскери сарапшылардың пікірінше, көлеңкелі әскери саясат пен күмәнді серіктестіктің салдарынан Қазақстан әскері әлі күнге дейін озық технологияларға қол жеткізе алмай келеді.

Бұған дейін жүргізілген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар қазақстандық "ҚазГрад" әскери көлігінің атып түсіру дәлдігі ресейлік баламасынан әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеген. Құрастырушылардың сөзінше, әскери машина құрамдастырылған навигациялық жүйемен, метеорологиялық жинақпен, зарядтау температурасының сенсорымен, заманауи радиостанциялармен, отандық автоматтандырылған басқару жүйесімен және басқа да заманауи құралдармен жабдықталған.

"ҚазГрад"-тың басқару қабілеті мен өртке қарсы көрсеткіштері өте жоғары. Алайда модернизацияланған әскери көліктің әлі күнге дейін пайдалануға берілмей келе жатқаны үлкен сұрақ болып қалып отыр.

Сонымен қоса елімізде "Барыс 8х8" бронды көлігі құрастырылып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Барыс бронды-тасымалдаушы көлігі Қазақстанның түрлі климаттық жағдайларында әскери тәжірибеден өткен. Тәжірибе жұмыстарының нәтижесінде әскери сарапшылар бірқатар кемшіліктер туралы ескертулер жасап, өндірушіге кемшіліктерді жою үшін уақыт берілген.

"Қазіргі кезде қайтадан әскери тәжірибеде қолдану жүргізілуде. Оны биылғы мамырдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Техника сынақтан жақсы өтсе, алда шығару мәселесі қаралатын болады", - дейді министрлік.

Талқылау