Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Путин Қазақстан әскерін бейбітшілік күш есебінде енгізгісі келеді": Ресей ҰҚШҰ шартын не себепті өзгертуді ұсынды?

Бүгін 3 наурыз күні ресейлік басылымдар Владимир Путиннің мемлекеттік думаға ҰҚШҰ жарғысына өзгерістер енгізуге ұсыныс жасағаны туралы жазды. Яғни ҰҚШҰ-ның бітімгершілік қызметі туралы келісімге тиісті өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Түзетулерге сәйкес, мемлекеттің бастамасымен БҰҰ аясындағы операцияларға қатысу үшін қарулы күштер жасақтала алады. Мұндай ұсынысты Путин не себеппен ұсынды? Қазақстандық бітімгерлердің соғыс алаңына баруы мүмкін бе? Бұл сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі саясаттанушылардан сұрап білді.

одкббб

Ресей әскерінің Украина жеріне басып кіргеніне бүгін жетінші күн болды. Әлемдік сарапшылардың пайымынша, екі елдің арасындағы кикілжің уақыт өткен сайын өршіп барады. Және жақын арада ортақ бітімге келуді ойламайтын да секілді.

Ресейге ҰҚШҰ әскерлері не үшін қажет?

Белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, қазіргі жағдайда Украина мен Ресей арасындағы жағдайға ҰҚШҰ әскерлері бейтараптық түрде араласа алмайды. Ал Путиннің бар ойы өзінің көзқарасымен нүктелес мемлекеттердің әскерлерін өз пайдасына жаратуды көздеп отыруы мүмкін, дейді ол.

"Путин менің ойымша, ҰҚШҰ әскерлеріне бітімгерліктің мандатын беруді ойлап отыр. Ал әлемдегі барлық осындай мемлекет аралық қақтығыс болған уақытта ең бейтарап мемлекеттердің әскері әкеледі. Мысалы, Африкада жанжал болса, келетін әскерлердің көбісі Швециядан, Индиядан болады. Қысқасы, екі ел аралық мәселе болғаннан кейін елге кіретін әскердің саяси мүддесі жоқ елдікі болғаны дұрыс. Ал бұл мәселеде Путин ҰҚШҰ әскерлерін бейбітшілік күш есебінде енгізгісі келеді", – дейді сарапшы.

Дос Көшім бұған дейін мұндай оқиғалардың тарихта болғанын айтады. Сондай-ақ ол қаңтар оқиғалары кезінде ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға кіргізілген кезіне де тоқталып өтті.

"Кезінде Приднестровская республикасын Молдовадан бөліп алар кезде бітімгершілік күш есебінде Ресей кірді. Ал шындығында Ресей бұл кезде бітімгершілік үшін емес Приднестровская территориясын алып қалуды мақсат етіп келді. Кешегі ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға келуін де бітімгершілік деп атауға келмейді. Себебі бұл саяси мүдделес елдердің келуі. Ал керісінше елімізге Канаданың немесе Норвегияның әскері кірсе мен мұны бітімгершілік дейтін едім", - деп түсіндірді саясаттанушы.



Саясаттанушы және бұрынғы қазақстандық дипломат Қазбек Бейсебаев ҰҚШҰ әскерлері Ресейдің жекеменшігі емес екенін кесіп айтты. Сондықтан Путин кез келген ұсыныс немесе шешім қабылдарда ұйымға мүше елдермен кеңесуі қажет, дейді ол.

"Қазіргі уақытта ия, Путин өзінің думасына ұсынып жатса жатқан шығар. Бірақ бұл ұйым оның жекеменшігі емес екенін түсінейік. Қазіргі Путиннің іс-әрекетіне бүкіл әлем қарсылық танытып отыр. Сондықтан оны БҰҰ қолдайды деп айта алмаймын. Ал ҰҚШҰ әскерлерін қандай жағдайда қолданады? Ол тек ұйымға мүше елдердің арасында ғана. Ал Ресей басшысының ойында қандай пиғыл жатқанын дөп басу қиын. Әлемдегі жағдай да қазір біртүрлі теңселіп тұр. Сол себепті Қазақстанға тезірек бұл мәселеде өзінің позициясын айқындап алған артықтық етпейді", – дейді Бейсебаев.

Бұл мәселеде билік қандай шешім қабылдауы керек?

Саясаттанушы Дос Көшім көршілес екі елдің арасындағы мәселеге байланысты қазақ қоғамының пікірі екіге бөлінгенін айтады. Халықтың басым бөлігі Украина жұртын қолдаса, сонымен қатар халық арасында Ресейдің мүддесін қорғайтындар да бар екенін айтады ол.

"Кеңес өкіметінің көзқарасымен қалғандар Путиннің агрессиялық әрекетін анық жақтап отыр. Алайда барлығы демесек те халықтың көпшілігі украин жұртшылығын қолдайды. Біріншіден, бұл орыс билігінің басқыншылық соғысының айқын көрінісі. Екіншіден, Украинадағы жағдай Қазақстанда да қайталану мүмкіндігі бар. Ондай қауіпті ашық айтуымыз керек. Өйткені Украинада болып жатқан саяси ойын еліміздегі оқиғаларды еске түсіреді", - дейді ол.

Сондай-ақ Дос Көшім еліміз бейтараптық позицияны ұзақ сақтап тұра алмайтынын түсіндірді.



"Біз мұндай позициямен екі жаққа да жеккөрінішті болып қалуымыз мүмкін. Мысалы, кешегі БҰҰ-ның отырысында 30 мемлекет дауыс беруден қалыс қалды ғой. Ол елдердің арасында Қазақстан да болды. Ал қалыс қалу дегеніміз – БҰҰ шешімін қолдамаймыз дегенді білдіреді. Сол себепті біз мұндай позициямен ұзақ тұра алмаймыз және әлем алдындағы абыройымыздан айырылып қалу ықтималдығы басым. Осы орайда біздің билік бір жағына шығуы қажет деп ойлаймын", - дейді Дос Көшім.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев та еліміздің бейтараптық позициясын сынайды. Бұл оқиғалардың тезірек әрі бейбіт шешілуі Қазақстан үшін пайдалы болады, деген ол санкциялардың бір ұшы бізге қазірден бастап тиіп жатыр, деп қосты.

"Біздің тауарларымызды қабылдамай қойған, жолдан өткізбей қойған деген жаңалықтар келіп жатыр. Бұл Ресейге салынған санкциялардың бізге тиіп жатқан әсері. Мысалы, Ұлыбритания парламентінің депутаты кеше айтты ғой, Қазақстанға да санкция салайық деп. Сондықтан біз бейтарап отыра алмаймыз. Ұзақ үнсіз отыратын болсақ мұның зардабы да ауыр болуы мүмкін", - деп түйіндеді Қазбек Бейсебаев.

Еске салайық, еліміздегі қаңтар оқиғалары кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдаған еді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. 19 қаңтар күні бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Талқылау