AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жертөлеге күнде барып тығыламыз, бұлай өмір сүру мүмкін емес": Украинадағы қандасымыз елдегі жағдай туралы айтты

24 ақпанда Ресей әскері Украина жеріне басып кірді. Киев, Харьков, Одесса сынды Украинаның ірі қалалары оқ астында қалды. Жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйенсек, кескілескен ұрыстар әлі де жалғасуда. Stan.kz тілшісіне Харьков қаласының жергілікті тұрғыны, этникалық қазақ Макка Қаражанова шаһардағы дәл қазіргі жағдай мен Украинадағы қандастарымыз туралы айтып сұхбат берген болатын.  

– Украина еліне қалай келдіңіз? Қазір мұнда немен айналысасыз? 

– Өзім Украинаға 1984 жылы көшіп келдім. Орынбор қаласының тумасымын. Кейінірек Оралға қоныс аудардым. Сол жақтан мектеп бітірдім. Бір қызымыз бар. Жұбайыммен Харьковтың техникалық институтында оқып жүріп таныстық. Жеке кәсіпкермін. Харьков қаласындағы этникалық қазақтардың төрағасымын. Бірақ сіздердегідей диаспора деп аталмайды. Қоғамдық ұйымдар ретінде ғана қарайды. 1996 жылдан бастап диаспорамыз өз жұмысын жасауда. "Бірлік" деген атау қойғанбыз. Сол уақыттан бері көптеген іс-шараларды атқардық. Солардың арқасында елдегі ең үздік қоғамдық бес ұйымның қатарына кірдік. Қаламыздағы барлық мерекелік жиындардан қалыс қалмаймыз. Біздің де бірлігімізді жергілікті билік қолдап отырады. Харьков қаласы мен облысындағы барлық қазақтар оған мүше. Кімнің келіп және кетіп жатқанына дейін хабарымыз бар. Қазақстаннан келетін студенттерге бағыт-бағдар береміз. Олар бір нәрсеге ұрынып, елде адасып жүрмеуін қадағалаймыз. Студенттерді де эвакуациялау жұмыстары осындай бірлігіміздің арқасында жүзеге асты. Осы уақытқа дейін екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен ата-бабаларымызды іздестіру жұмыстарымен де айналыстық. Ол кездері Харьковте үш қазақ дивизиясы соғысқа қатысыпты. Көбісінің аты-жөндері әлі де беймәлім. Арнайы Подольскіге барып архивпен де жұмыс жасадық. Өз қаражаттарымызды жинап, өз күштерімізбен жасаған әрекеттеріміз ғой. 

– Қаладағы қазіргі ахуал жайлы айтып бересіз бе?    

– Қазір Харьковтағы тұрғын үйлерді де бомбалау басталды. Бүгін қаланың орталығы Деревянко, Клочковский көшелеріне снаряд түсті. Біздің танысымыздың үйіне снаряд құлапты. Олар енді әдейі жергілікті тұрғындарға да атқылап жатыр. Жалпы алғандағы жағдайымыз осы. Ресей әскері Харьков қаласын алуға барын салуда. Бірақ бұл қолдарынан оңайлықпен келмейді. Елдің барлық қалаларында метролар ашық. Метроларды ауыз сумен және басқа да қажетті заттармен жабдықтап қойған. Метро қала тұрғындарына снарядтардан қалқан. Әрбір сағат сайын әуе шабуылынан қорғану жайында дабыл белгілері іске қосылады. Түсінесіз бе? Біз ешқайда шықпай, үйде отырмыз. Дауыстар естілсе, жертөлеге күнде тығыламыз. Бұлай өмір сүру мүмкін емес. Қаламызда тұрғындар саны 2,5 млннан асып жығылады. Бұрын 2 млн ғана болған. Кейін Донецк пен Луганск облыстарынан көптеген адамдар көшіп келді. 

 Қазіргі сәтте қалада азық-түлік, т.б. қорлар жеткілікті ме? 

– Қалада азық-түлік жағы енді саябырсиды. Дүкендер мен маркеттер де проблема болатыны анық. Дәрі-дәрмек әзірге бар. Басым бөлігін жауынгерлерге жіберіп жатыр. Барша украиналықтар жеңіске жететініне сенімді. Біз сияқты этникалық қазақтар да сенім білдіріп жатыр. Әкем әрқашан "сен қайда тұрсаң, сол жерден ас іштің, сені қабылдаған халықты сатуға болмайды" дейтін еді. Менің әкем – басынан екі аштықты өткерген адам. Әскер қатарында да болды. Он жылға алып кеткенде тегін жұмыс істеді. Бірде-бір тиын алмай, құдды бір түрмеде болғандай. Бізді қабылдаған елге осындай алғысымыз болуы керек. Украина халқы мені де жатсынбады. Сондықтан бұл елді сатпаймын. Біз – Ресейдің жетегіндегі ел емеспіз! 

 Екі ел басшылары бейбіт келісімге келе алады деп ойлайсыздар ма?

– Қазір халық Зеленскийді қатты қолдап жатыр. Ол өте батыл президент болып шықты. Жаудан қорықпады, елден қашып кетпеді. Өз қаражатын жасырып қойған жоқ. Халықпен бірге екенін көрсетуде. Ресей Донецк пен Луганск облыстарынан бас тартып, НАТО-ның құрамына кірмеу керектігін талап қылуда. Екі облыстың басшылығына “ресейшіл” басшыларды сайлап қойған. Украинаның басына туған күн ертең Қазақстанға да тууы әбден мүмкін. Путиннің ертең Қазақстанның солтүстік облыстарын аламыз демейтініне кім кепіл? Ал Қазақстан ондай ұсынысты қабылдамайтыны анық. Украиналықтар да батыл халық. Ешкімнің көлеңкесінде жүрмейді. Мемлекеттің ұстанымы мен көзқарасына басқа ел құрметпен қарауы керек. Қазақстан Тұран одағына кіргісі келсе, Ресей тура осылай соғыс ашуы ғажап емес. Украинада, Қазақстан да Шешенстан, Молдова, Грузияның күйін кешуі мүмкін. 2014 жылы емін-еркін Қырымды алды. Луганск пен Донецктегілер Путинді гүлмен қарсы алды. Іштегі қуаныштарын адамдар солай көрсетіп, референдум өткізді. Қарсы болғандары біз жаққа көшті. Енді мұнымен тоқтамай, тәбеті ашылып, барша Украинаға көз тігуде. 

 Киевтегі қазақ елшілігімен байланыстасыздар ма?

– Әрине. Олармен ұдайы байланысып отырмыз. Үш күн қатарынан эвакуация жұмыстары жүргізілді. Қазақстан студенттері мен азаматтарына қызмет көрсетті. Алғашқы кезде оларды қақтығыс аймақтарынан алып шығу өте қиынға соқты. Елшіліктің көмегінсіз елге оралу мүмкін емес еді. Уақыт өткен сайын жағдай ушығып барады. Қала снаряд астына қалғанда, қазақтарымыз елшіліктің ғимаратын паналады. Мен барлығымен де байланыстамын. Паналайтын жерлері болмағандар өз пәтерлерін де қалды. Арнайы "Харьковтағы қазақтар" деген тобымыз бар. Біз күнделікті бір-бірімізбен хабар алмасамыз. Шынымды айтсам, біздің жеңіске жететінімізге сенемін. Сондықтан да бәрі жақсы болады. Халық жұдырықтай жұмылып, сарбаздарға да көмек беруде. Әйелдер ерікті болып жүр. Көптеген ерлер өз қалауымен майдан шебіне аттанды.

– Қазақстанға оралғыңыз келмей ме? Жалпы, Украинада қазақтар көп пе?

– Әрине, оралғым келеді. Бірақ қазір олай жасау қиын. Харьковте 2014 жылдардан бері 300-дей қазақ бар еді. Киевте тұратын қандастар көп. Өйткені онда елшілік пен дипломатиялық орталықтар орналасқан. Біздегі қазақтардың көбі студенттік шақтарында тұрмыс құрып қалып қойғандар. Еліміздің батыс облыстарынан көптеген студенттер де келіп оқиды. Қазір енді Харьков аймағында 200-дей ғана қазақ бар деп естігенмін.

– Украина билігі сіздерді қалай ақпараттандырып отыр?

– Біздің жергілікті БАҚ арналары халықты алдамай, нақты ақпараттарды беруде. Украинаға қолдау білдіріп жатқан елдерді жиі-жиі айтады. Бізге кейбір мемлекеттер көптеген уәде беріп қойды. Бірақ бұл соғысқа тек өзіміз ғана қатысып жатырмыз. Әрбір елдің бейбіт тұрғындары гуманитарлық көмек жинап жатыр. Әсіресе, Қазақстан халқы да көп қор жинады. Тіпті Латвия, Литва халықтары да митингтерге шығып жатыр. Ешбір елді бомбалауға рұқсат жоқ. Сіз тұратын қалаға зымырандан атылса, бұл жақсы ма? Бұлай болмауы керек. Қазақстанның іргесі мықты болғанын қалаймын. Атажұртымыз кәсібилік жағынан да дамығаны жөн. Қазақтың қызы ретінде Украинаны қолдап жатқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін. Бізбен бірге уайымдап жатқандарға ризамыз. Бұл жай сөз емес. Украинадағы әрбір қазақтың шынайы алғысы. Өйткені қай қазақ болсақ та жан дүниесі атамекенін сүйеді. Тәнімізде қазақтың кең даласы бар. Әрине, өзім тұратын Украинаны да сүйемін!

– Сұхбатыңызға рахмет! Аман болыңыздар!

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК 

Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр