AAPL
140.36 $
-1.92 %
TSLA
628.16 $
-6.93 %
NDAQ
146.63 $
-0.73 %
GOOGL
2119.4 $
-4.95 %
FRHC
39.75 $
-2.5 %
AAPL
140.36 $
-1.92 %
TSLA
628.16 $
-6.93 %
NDAQ
146.63 $
-0.73 %
GOOGL
2119.4 $
-4.95 %
FRHC
39.75 $
-2.5 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әзілкеш қалай әлемге танымал президент атанды: Зеленскийдің жүріп өткен жолы

Үш жыл бойы Украинаны басқарып келген Владимир Зеленский бір сәтте әзілкештен қолбасшыға айналып, әлемге өзінің ұстамдылығы мен парасаттылығын көрсете алды. Әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қиын-қыстау кезінде халықты өз айналасына біріктіре алған Украина басшысына бүгінде күллі халықтың назары ауды. Осыған орай Stan.kz тілшісі саясаткердің өмірі мен саясатқа қалай келгенін  назарларыңызға ұсынады. 

Зеленский

Зеленский ата-анасымен

Балалық шағы Моңғолияда өткен

Владимир Зеленский 1978 жылы Украинаның Кривой Рог қаласында, орыс тілді еврей отбасында дүниеге келген. Кен-байыту комбинатында инженер болып қызмет еткен әкесі Александр уақытының көп бөлігін шетелде іссапармен өткізген. Сондықтан Владимирдің балалық шағы Моңғолияда өтіп, моңғол тілін туған тілінен де жетік білген

Владимирдің әкесі Александр Семенович – техника ғылымдарының докторы, 1995 жылдан бастап Кривой Рог экономикалық институты информатика және ақпараттық технологиялар факультетінің меңгерушісі қызметін атқарған.  

Мектепті аяқтаған соң болашақ президент Киев университеті Кривой Рог бөлімінің заң факультетіне оқуға түседі. Бірінші курста-ақ Зеленский достарымен бірге студенттік театр ұйымдастырып, кейін қалалық көңілді тапқырлар клубының фестивалінде бақ сынап көреді. 

Зеленский

Жеке өмірі

2003 жылы Зеленский өз әріптесі, сценарий авторы Елена Кияшкомен отау құрған. Владимир мен Елена бала күндерінен таныс болған және 7 жыл кездескен. Ал мектепте көрші сыныптарда оқыған. Сондай-ақ Елена "Студия Квартал 95"-те жоба авторларының бірі ретінде қызмет атқарған. 

2004 жылы 15 шілдеде Зеленскийдің қызы – Александра дүниеге келді. Ал 2013 жылы Кирилл есімді ұлы туған. 

2014 жылы Зеленскийдің қызы "8 новых свиданий фильмінде" бас кейіпкердің қызы Сашаның рөлін сомдаған.

ЗеленскийЗеленский отбасымен

Әзілкеш Зеленский

1997 жылы Владимир Зеленский достары Денис Манжосов, Юрий Крапов пен Александр Пикаловпен бірге "95 квартал" жобасын құрады.

"1998 жылы біз КВН жоғарғы лигасының чемпионы атандық. Кривой Рог қаласына қайта оралған соң бұрын жанжалдасып қалған адамдармен "келіссөз" жүргіздік. Осылайша Сочиде өтетін іріктеу сайысына бірге аттандық. Сол кезеңде "95 квартал" жас команда болса да, Масляков бізді атап айтып, финалға жолдама алдық", – дейді Зеленский Дмитрий Гордонға берген сұхбатында.

КВН арқылы танылған әзілкеш Зеленский 2003 жылы Масляковпен жанжалдасып, КВН-нен кету туралы шешім қабылдайды. Мұндай қадамға баруына ойыншыларға қойылған жөнсіз талаптар себеп болды дейді өзі. 


8 жылға созылған шиеленіс: Ресей мен Украина арасындағы соғыс неден басталды?


Актер Зеленский

КВН-нен кеткен соң Зеленский "Мистер Кук" атты аспаздық шоуының тележүргізушісі атанады. Ал украиналық "1+1" телеарнасы Зеленскийдің командасына жеке жоба жасауды ұсынған. Осылайша 2005 жылы "Вечерний квартал" атты жаңа телевизиялық шоудың тұсауы кесілді. Негізін салушы және жүргізушісі болып Зеленский бекітілді. КВН командасы болған "Квартал 95" тележобалар, сценарий мен корпоративтік кештерді ұйымдастыратын студия болып өзгерді. 

Зеленскийдің “Квартал 95” студиясы бірнеше фильм мен телесериалдарға продюсерлік еткен. Олардың қатарында “Сваты” мен “Слуга народа” да бар. 

Зеленский

Тележүргізушілік және продюсерлікпен қатар әзілкеш 2008 жылы "Любовь в большом городе" романтикалық фильміне түсіп, актер ретінде де танылды. Сонымен қатар ол "Байки Митяя", "Служебный роман. Наше время", "8 первых свиданий", "Ржевский против Наполеона", "8 новых свиданий", "Слуга народа" атты фильмдерде басты және қосалқы рөлдерді сомдады. 

2010-2012 жылдары Зеленский “1+1” телеарнасының басқарма мүшесі, бас продюсер қызметін атқарған. Телеарнадағы қызметі президенттікке ұсынылғанда көп көмегін тигізді. Мәселен, арна сайлау кезінде Зеленскийдің әзіл-сықақ шығармаларын жиі көрсетіп отырған. 

Зеленский

Саясаткер Зеленский

Владимир Зеленский Украинаның саяси өміріне белсенді араласқан. Ол Украинаға ресейлік мәдениет қайраткерлерінің кіруіне тыйым салынғанда да өз қарсылығын ашық білдірген. 2018 жылдың аяғында Зеленский "Слуга народа" партиясының парламент сайлауына қатысатынын және президент ретінде үміткерлігін ұсынатынын алғаш айтқан. 

Зеленский президент сайлауына қатысатынын 2018 жылы 31 желтоқсанда, Жаңа жылға санаулы минут қалғанда ресми түрде мәлімдеді. 2019 жылдың 21 қаңтарында Владимир Зеленский Украина президенттігіне өз кандидатурасын ұсынды.

Кейбір саясаттанушылар Зеленскийдің танымалдылығын ерекше сайлауалды кампаниясымен байланыстырады. Өйткені Зеленский өзгелер секілді алаңда сөйлеуден бас тартты. Мұның орнына ол ел аралап, концерттер өткізді. Сондай-ақ БАҚ өкілдеріне сұхбат бермеген, тек санаулы басылымдармен ғана байланыс орнатты. 

Осылайша ол президент сайлауының алғашқы турында 30% дауыспен жеңіске жетеді. Ал екінші турда ол 73,22% дауыс жинаған.

Көпшілікті Зеленскийдің сайлауалды кампаниясын атышулы кәсіпкер-магнат, олигарх Игорь Коломойский қолдағаны сескендірді. Тіпті кейбірі оны“Коломойскийдің қуыршағы” деп те атады. Сұхбаттарында Зеленский Коломойскиймен байланысын жоққа шығарып келген. Билікті қолға алған соң ол Коломойский иелік еткен ПриватБанкті қайта жекешелендіруге рұқсат бермейді. Бұл әрекетімен Зеленский көптің күдігін сейілткендей болды. 

АҚШ-та Игорь Коломойскийдің үстінен алаяқтық және ақша жымқыру деректері бойынша іс қозғалған. Коломойский Украинада мұнай-химия, әуе тасымалы, медиа және металлургия салаларында активтерді басқарған. 

Украинада сайлауалды сауалнама кезінде халық президент ретінде саяси жүйеге қатысы жоқ адамды көргісі келген. Зеленский өзін дәл осылай таныстырды. Әрі саяси мансабы басталған кезеңде ол “Танцы со звездами” бағдарламасына қатысты. Сонымен қатар президент болып сайланған қарапайым мұғалім жайлы “Слуга народа” сериалында басты рөлді сомдады.

Владимир Зеленскийдің инаугурациясы 2019 жылы 19 мамырда өтті. Президент мандатын алған соң Зеленский сериалдағы басты кейіпкердің жолын қайталап, жемқорлықпен күресуге уәде берді.



Саясатқа қатысы жоқ, қарапайым актердің мемлекет басшысы болуы көпті қапаландырғаны айтпаса да белгілі. Мысалы, "Новое время" ақпарат сайтының бас редакторы Юлия Макграффи 2019 жылы Зеленскийдің президент болуына наразы болғанын және оның ел басқаруға қабілетінің жететіне күмәнданғанын жасырмады. 

"Менің ойымша, Ресей Украинаға басып кірген соң барлығы Зеленскийдің маңына жиналды. Қазір ол елді біріктіруші, тұрғындарды жігерлендіруші ретінде маңызға ие тұлға. Зеленский Путинге қарсы үкіметті басқарып отыр, бұл үшін көпшілігі оны сыйлайды", – деді Макграффи. 

Талай рет сынға ұшырап келген Владимир Зеленский 24 ақпанда, Путиннің мәлімдемесінен кейін бір-ақ күнде ұлт көшбасшысына айналып шыға келді. Президент костюмін әскери формаға ауыстырған ол Ресейге де, Еуропа елдеріне де батыл мәлімдемелер жолдады. 

"Шабуыл кезінде қашпаймыз, бетпе-бет келеміз" деген Украина президенті айтқанын орындаған да секілді. Қиын кезеңде шегінбей, халықпен бірге мемлекет аумағын қорғаған Зеленский үлкен абыройға ие болды. Дегенмен екі ел арасындағы жанжалдың немен аяқталары белгісіз. 

Украинадағы қақтығыс кезінде әлемге өзінің ұстамдылығымен танылған Владимир Зеленскийге белгілі жұлдыздар қолдауларын білдірді. Мысалы, кәсіпкер және америкалық шоулардың жұлдызы Ким Кардашьян Украина президенті туралы жазба қалдырып, Popular Front басылымының Зеленский жайлы мақаласымен өз парақшасында бөліскен. 

Владимир Зеленскийге қолдау көрсеткендер қатарында Ұлыбритания ханзадалары Уильям мен Гарри, Джениффер Лопес, Мадонна және т.б. бар.

Зеленский мен Путин

Ел билігін қолына алған Зеленский Донбасстағы жағдайды қалпына келтіру үшін Мәскеумен байланыс орнатуға тырысты. Тіпті Путинмен телефон арқылы тікелей келіссөз жүргізіп, қос президент тұтқынға алынған адамдарды босату жөнінде шешім қабылдайды. 

“Россия зовет!” инвестициялық қорының пленарлық отырысында Путин Зеленский жайлы пікір білдірген. 

“Өзімен жеке кездескен жоқпын, тек телефон арқылы сөйлестік. Меніңше, ол – шынайы, сымбатты адам. Жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерткісі келетін секілді. Бірақ мұны жасай ала ма, әзірге білмеймін”, – деген еді Путин. 

Келіссөздермен қатар Зеленский Украинада саяси-экономикалық реформалар жүргізді. Басты мақсаты жергілікті қалталы азаматтардың әрекеттеріне шектеу қою еді. Мұндай азаматтардың ішінде Путиннің жақтастары да болған. 

Украина мен Ресей президенттері алғаш рет бетпе-бет 2019 жылы желтоқсанда Францияда кездескен. Ал 2020 жылы ақпанда берген сұхбатында Зеленский Ресейдің Кеңес үкіметін құруға тырысып жатқанын және аумағын кеңейтуге әрекет еткенін басып айтқан. 

“Украинасыз бұл мақсаттарына жете алмайды, себебі КСРО кезінде Украина жер аумағы бойынша ірі мемлекеттердің бірі болған”, – деп қосты Зеленский. 

Зеленский

2021 жылы Украина президенті Мәскеумен жаңа келіссөз басталғанын мәлімдеді. Алайда бұған жауап берген Ресей Донбасстағы мәселені алдымен өз-өзін жариялаған Донецк пен Луганск халық республикаларының басшылығымен талқылауды ұсынған. Сонымен қатар Путин кез келген уақытта Зеленскиймен Мәскеуде кездесуге дайын екенін айтқан. Бірақ кейін Путиннің көмекшісі Песков кездесу болса, Қырым мәселесі көтерілмейтінін мәлімдеді. 

Владимир Путин Украинада арнайы операция басталғанын хабарлаған кезде де Зеленский Ресей президентін келісімге келуге шақырды. Алайда Путин оның сұранысына жауап бермеген. 

Айта кетейік, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинада арнайы операция өтетінін ресми хабарлады. Путин Ресейдің бұл әрекетін сыртқы жаудан қорғану деп атаған.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр