Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресей әскері перзентхана мен балабақшаларға оқ атты": Украинадағы соғыс ошағынан аман оралған қазақстандық студент елге қалай жеткенін айтып берді

24 ақпан Ресей әскері Украинаға басып кірді. Дәл осы күні ресейліктер мемлекеттің Киев, Харьков, Одесса сынды ірі қалаларына зымыран атып, шабуыл жасады. Соққының ауыр болғаны сонша, Харьков – қазіргі таңға дейінгі ең ауыр зардап шеккен қалалардың бірі. Ал Қазақстан елшілігі соғыс ошағында қалған отандастырымызды тезірек елге жөнелте бастады. 4 наурыз күні Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың үшінші легі Нұр-Сұлтан қаласына келді. Соңғы рейспен 131 азамат елге оралды, солардың бірі Айнель Сиырбаева. Үйіне аман-есен оралған студент Stan.kz тілшісіне Украинадағы ауыр күндері туралы айтып берді.

айнель сиырбаева

Айнель Сиырбаева Харьков ұлттық университетінің 3-курсында оқиды. Оқуға 2019 жылы аттанып, 2023 жылы жоғары оқу орнының дипломын алуы керек болған. Айнельдің өзі қалаға шабуыл жасалған алғашқы күн туралы былай еске алады.

"Жарылыстың даусынан ояндым"

"Бізге алдын ала 16 ақпан күні қалаға соққы жасалады деп ескертті. Біз құрбым екеуміз барлығына сақтанып, күтіп отырдық. Алайда ешқандай шабуыл жасалған жоқ. Осыдан кейін біз енді ешнәрсе болмайтын шығар деп ойладық, бірақ үмітіміз ақталмады. 24 ақпан таңғы сағат 4 шамасында мен жарылыстар мен атыстардың дауысынан оянып кеттім. Мен әдеттегідей жатақханада едім. Алдымен қалаға жақын аумақта орналасқан әскери нысандарға шабуыл жасалды. Мұндағылар бізді бейбіт тұрғындарға оқ атылмайды деп сендіруге тырысты", –  дейді ол.

Сиырбаеваның сөзінше, осы сәттен бастап студенттердің арасында аласапыран басталған. Қалада әуе соққысы туралы дабыл қосылып, халықтың көпшілігі метроға тығылуға асыққан.

"Болып жатқан оқиғаларды көре сала не істерімді білмей ата-анама қоңырау шалдым. Әкем менің жағдайымның қалай екенін сұрап, не болып жатқанын білгісі келді. Олармен сөйлескеннен кейін өз-өзіме келгендей болдым. Біздің жатақхана қала орталығынан алыс орналасқан. Шабуылдар басталған уақыттан студенттердің барлығы ұйықтай алмады. Қалада болып жатқан жарылыстарды көрдік. Ал күн шығысымен жатақханадағы жергілікті студенттердің барлығы үйлеріне кетіп қалды. Шетелдік студенттер де сол күні елдеріне қайта бастады. Олардың басым көпшілігі Польша мен Молдова арқылы елдеріне жетуге тырысты. Халықтың барлығы метроға бас сауғалады",  – деп еске алады Айнель.



Айнель өзіне әкесі телефон арқылы тез әрекет етуге кеңес бергенін айтады.

"Маған әкем қолма қол ақша шешіп алуға кеңес берді, себебі көп дүкендерде банкомат карталарын қабылдаудан бас тарта бастаған еді. Ал менің қолымда шамамен мың теңгедей ғана қаражат болды. Бұл, әрине, өте аз. Мен жақын жердегі банкоматқа барсам, ол жерде халық толып тұрды. Барлығы керекті заттарды көбірек алуға тырысып жатты", – деп түсіндірді ол.

харьков 22

"Ресей әскері перзентхана мен бала-бақшаларға оқ атты"

Айнельдің айтуынша, теледидар мен радиолардан қорғаныс әрекеттерін түсіндірер кезде тек әскери орындарға ғана шабуыл жасалатыны айтылған. Бірақ уақыт өте келе шабуылдар халық көп орналасқан аумақтар да жасала бастаған.

"Олар (Ресей әскерлері – ред.) қарапайым халық тұратын аударға да шабуыл жасай бастады. Алғашында халыққа тиіспейді деген әскерлер қала орталығына танкілер мен ауыр техникаларымен басып кірді. Менің естуімше, Ресей әскерлері перзентханалар мен бала-бақшаларға да шабуыл жасаған. Кішкентай балалар көз жұмған. Тірі қалғандардың барлығы метролар мен бункерлерде жасырынып отырды. Ешкім сыртқа шыққан жоқ", - дейді Сиырбаева.

Осыдан кейін ол құрбысының үйіне барған. Бұл ойын әкесінің де құптағанын айтады.

"Жатақханадан шығып, құрбымның үйіне бардым. Оның үйі де қаланың шетінде орналасқан еді. Біз сонда болған уақыттың ішінде қалаға өте қатты шабуылдар жасалды. Біз зымырандар мен снарядтар келіп түскен сайын біресе жуынатын бөлмеге, біресе әжетханаға тығылуға мәжбүр болдық. Себебі бізге, үйлерге оқ ататын болса, терезеден алшақ болып, дәлізде жасырынуға кеңес берді. Осылайша біз дәлізде ұйықтап жүрдік. Түнімен кезекпен ұйықтадық. Жарылыс дауысы шықса болды, қайта жуынатын бөлмеге жүгірдік", – дейді Айнель.

Соғыс алаңында жалғыз қалған Айнель алдымен Харьковтегі елшілікке барып, содан кейін Львов қаласына жетуі керек болған. Дегенмен онда жету оңайға соқпапты. Қалада тірі жан қалмағандықтан, ұзақ такси көлігін іздеп қалғанын айтады. Бойжеткен сондай-ақ қалада жүрген әскерилерді өз көзімен көргенін де қосып өтті.



"Орыс әскерлерін алғаш рет қаладағы вокзал жанынан көрдім. Әскер қатарындағылардың көбісі жастар екенін байқадым. Олар колонна болып өтіп бара жатты", –  деді ол.

Айнель Харьков

"Елшіліктің жертөлесінде 2 күн қондым"

Қаладан көлік таппаған Айнель елшілікке тек 25 ақпанда жеткен. Айтуынша, ол жерде келген халықты тез қабылдап, тамақтандырып, барлық жағдайын жасаған.

"Біз елшіліктің жертөлесінде болдық. Ол жерде екі күндей болдық. Біздің жолымызға, ас-тамағымызға қаражат берді. Шынында көпшілігіміздің жолға жетер ақшамыз жоқ еді. Бірақ 26 ақпан күні Харьковтан Львовқа халықты жеткізген пойызға міне алмай қалдым. Босып кеткен халықтың көпшілігі сонша, пойыз бірден толып кетті. Келесі күні пойызға міндік. Менімен бірге пойызда шымкенттік екі студент болды", –  дейді Айнель.

Осылайша жолаушыларды жеткізген пойыз 28 ақпан күні Львовқа келіп, Айнель ары қарай Польшаға аттанған. Ол жолда бір күнге жуық уақыт жүргендерін және әскерилердің көп екенін айтты.

"1 наурыз күні Польшаға келдік. Жолда бір күн жүрдік, әскерилер мен көліктер өте көп. Жолда кептеліс. Бізді Катовице қаласында жылы қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Барлығын тегін жасады. Осы орайда Қазақстан елшілігіне үлкен алғысымды айтқым келеді. Себебі жалғыз Украинадан шыға алмас едік", - деді ол.

Айнельдің айтуынша, Харьков қаласында оның көп достары қалған. Қалаға жасалып жатқан әр соққыны көріп, жаным ауырады деген ол соғыс барша адамзат үшін ауыр зардап әкелетінін айтып, барлығы бейбіт жолмен шешілсе екен деп көңіл білдірді.

Айта кетейік, Украинадағы қазақстандықтар мінген үшінші рейс Нұр-Сұлтан қаласына 4 наурыз күні таңғы сағат 3-те жеткен. Бортта 131 жолаушы болған, олардың 20-сы балалар. Олардың ішінде Айнель Сиырбаева да бар.

Айнельді әуежайдан ата-анасы күтіп алған.

Талқылау