Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Костенко шахтасындағы жарылыс алдында шыққан кенші болған жағдай туралы айтып берді

Қарағанды облысы Костенко шахтасында жарылыс болардың алдында кезекшілігін тапсырып, іштен шығып үлгерген кеншілердің бірі жағдайды баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазинформға сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: liter.kz

Кегші Юрий Коренковтың айтуынша, жарылыс алдында шахтадағы жағдай әдеттегідей болған. Ешқандай газ, түтін шықпаған.

"Жігіттер ауысымды тапсырып, бірер минут сөйлесіп, үйімізге тарқастық. Ал басқа ауысым жігіттері жұмыстарына кірісті. Клетьке (шахтадан көтеретін жабдық) дейін әдеттегідей трамваймен бардық. Біз түнгі 02:23-те шахтадан шықтық, ал жарылыс 02:35-те болды. Яғни, біз клетьпен көтеріліп бара жатқан кезде жарылыс орын алды", - деді Юрий Коренков.

Сондай-ақ Юрий оқиға орнында болып, тірі қалған әріптестері айтқан кей ақпараттармен бөлісті.

"Менің күйеу балам төртінші ауысымға кіріскен бетте жарылыс толқынына түсті. Ауыр соққыға ұшыраған екі жұмысшыны құтқарып қалды. Екеуіне де өзін-өзі құтқару құрылғысын кигізіп, аман алып қалған. Бірінің есімі Виктор Плотников, екіншісінің аты Юрий, тегі есімде жоқ. Оларды звеношы Александр Александрович Кладько құтқарды. Виктор Плотников басын қатты соғып, қарақұсына зақым алған. Қазір ол Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр", – деді ол.

Шахтердің айтуынша, жұмыс барысында жарылыс болатындай еш құрылғы сыр бермеген, тіпті қайғылы оқиғадан жарты сағат бұрын да.

"Мен желдету және қауіпсіздік техникасының тау-кен шеберімін, бұл лавада кезекшілікте болдым, өрт болатындай ешқандай себеп болған жоқ. Мұның қайдан шыққанын ешкім білмейді, құрылғылардағы көрсеткіштер қалыпты болды, бәрі аяқасты болды", – деді кенші.

Айта кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысында "АрселорМитталға" тиесілі тағы бір шахтада жарылыс болып, 36 адам қаза тапқан еді. 

Талқылау