Мақпал Жүнісова ұшақта домбыра үшін жеке орын сатып алды: Әнші әуе компаниясының ережесіне шүйлікті
ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісова домбырасын өткізбеген FlyArystan әуе компаниясын сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhunusova.makpal/
Өнер иесі Қостанайға гастрольдік сапармен кетіп бара жатқан көрінеді.
“Мынау сұмдық қой. FlyArystan-ға бірауыз сөз айтатын ер-азамат қалмаған ба?! Домбырамды өткізбеді. Бір домбыра үшін Қостанайға көлік жалдап отырмыз. Айтарға сөзім жоқ. Төрт қыз әуе компаниясының заңы солай деп көнбей қойды. Өмір бойы домбырамен ұшып жүрдік. Жүксалғыштың жоғарғы жағына сыятын. Таң атпай жүйкемді құртып отыр. Ақшамды да алмай тұр. Қостанайға өзіміз барып алып, 5 сағат бойы домбыраның келгенін күтеміз. Мейрамбек пен Тоқтарға хабарласып едім. Мейрамбек арнайы көлік жалдайды екен. Тоқтар багажға жіберіп, домбырасын сындырып алыпты. 24 сағат бұрын домбыраға да билет алу керек екен”, – деп ашуланды өнер иесі.
Әншінің бейнежазбасынан кейін, әуе компаниясының ресми өкілі жауап берді.
“Біріншіден, FlyArystan әуекомпаниясы қазақ халқына, тіліне, мәдениеті мен тарихына зор құрметпен қарайтынын мәлімдейміз. Алайда біз әуекомпания болғаннан кейін және де бірінші орынға қауіпсіздік пен жолаушылардың жайлылығын үшін ереже-шарттарды қатаң ұстануға тиіспіз. Музыкалық аспапты тасымалдау мәселесінен туындаған түсініспеушілікке байланысты ішкі тексеріс жүргізілді. Сіз әуежайда қызметкерлерге қолжүгі нормасынан асатын музыкалық аспаптың бар екенін айтқан соң, сізге ережеге сәйкес осы қызметті қоса отырып, жаңа әуебилет рәсімдеуге болатынын хабарлады. Сіз келісіп, кейіннен домбыраны басқа жолмен тасымалдайтыныңызды айттыңыз. Домбыраны тасымалдау ереже-шарттары ресми сайтымыздың "Ақпарат" бөлімінде толықтай көрсетілген. Қолжүк өлшемдері 56x23x36 сантиметрден аспауы керек. Музыкалық аспаптардың бұл өлшемге сәйкес келмейтініне және де қолжүк ретінде ұшақ бортына алып жүруге рұқсат етілмегенін ескертеміз. Музыкалық аспап сөреге орналастырылған жағдайда, басқа жолаушылардың қолжүгі сыймайды. Ал қауіпсіздік ережелеріне сай үлкен нәрселерді қолда ұстап отыруға немесе дәлізде қалдыруға қатаң тыйым салынған. Сондықтан аспапты ұшақ бортына алып жүремін деген жолаушыларға бөлек орын мен билет сатып алынуы ескертіледі”, – делінген ресми жазбада.
Еске салайық, айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай да бортқа домбыра кіргізбеген әуе компаниясын сынаған еді.