Қостанайда такси жүргізушісі өзін пышақпен қорқытқан ер адамнан құтылу үшін полицейлер көлігін әдейі соққан
Қостанайда ер адам баратын жеріне жетіп алуы үшін такси жүргізушісін пышақпен қорқытқан. Құтылмайтынын білген таксист полицейлердің назарын аудару үшін әдейілеп жол апатын ұйымдастырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Cурет polisia.kz порталынан
Полицейлердің мәліметінше, 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні Рудный қаласының екі тұрғыны облыс орталығына таксимен барған.
“Жолаушылардың бірі қалаға кіре берісте такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, ақша талап етіп, оны басқа елді мекенге жеткізуін сұраған. Такси жүргізушісі полицейлердің қызметтік көлігін көріп, олардың назарын аудару үшін әдейі барып соқтығысқан. Осы кезде күдікті қашып кетіп, оқиға орнынан жасырынуға тырысқан. Бірақ оны патрульдік полицейлер тез арада ұстады”, – делінген хабарламада.
Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
"Тонауға оқталу" қылмыстық іс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомство оқиға нәтижесінде ешкім зардап шекпегенін атап өтті. Қызметтік автокөлікке елеусіз материалдық залал келтірілді”, – деді Қостанай облысының полиция департаменті.