Қостанайда бассейнде суға батып бара жатқан баланы ер адам құтқарып алды: Оқиға видеоға түсіп қалған
3 ақпанда Қостанайдағы монша-сауықтыру кешенінің бассейнінде ceға батып бара жатқан баланы жас жігіт құтқарып қалды. Бақылау камерасына түсіп қалған оқиға әлеуметтік желіде таралып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
видеодан скриншот
Белгілі болғандай, бала бір сәтте бассейн түбіне аяғы жетпейтінін сезіп, дүрліккен. Жақын маңдағы ересектер оның батып бара жатқанын байқамаған. Осы уақытта ер адам киімін шешпей суға сүңгіп, баланы бассейннен шығарып алған. Ол баланы қолына алып, анасына табыстады.
Видеода жас жігіттің жылдам әрекет еткенін көруге болады.
Sko_kz Instagram парақшасы видеоны жариялап, баланы құтқарған жігітпен әңгімелескен екен. Ерлан Нұрпейісов 23 жаста, ол – спортшы және осы кешенде нұсқаушы болып жұмыс істейді. Ерлан күнделікті өмірі қалай өтетінін айтып берді. Жас жігіт оның жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет ететінін айтады. “Жағдайды бақылап, бассейнде болып жатқанның бәрін байқап отыру керек”, – дейді ол.
Айтуынша, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Айына осындай екі-үш оқиға болады, ал жазда одан да көп. Оның үстіне бассейнінде ересектер де батып кетуі мүмкін екенін айтады.
“Бассейндегі ең бастысы – қауіпсіздік, сондықтан ата-аналар балалардың суда жүзуін мұқият қадағалап, оларды назардан тыс қалдырмауы керек”, – дейді нұсқаушы.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
