Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның салық жүйесі 2026 жылдан бастап қалай өзгереді – Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды

Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды. Ақордада Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейтіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді салық есептілігінің көлемі 30% қысқарады, салықтардың саны 20% азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.

“Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды. Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан – 5%, 2027 жылдан – 10%”, – деп хабарлады Ақорда.

Бұл ретте келесі шаралар ҚҚС-тан босатылады:

  1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК);
  2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер;
  3. Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу;
  4. Баспа түріндегі кітап шығару;
  5. Археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері.
“Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10% деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленеді. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке (40 миллион теңге) дейін төмендетіледі. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан (БЗЖҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік құралы салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды”, – делінген хабарламада.

Салықтардың саны азайды: бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді.

Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Енді олар үш жағдайда қолданылады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады.

Корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталады.

Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25%. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5% мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10%-ға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3% жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.

“Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық құнды қағаздарға төленетін дивиденттерге салық жеңілдіктері сол күйі сақталады. "Бәйтерек" холдингі шығарған құнды қағаздардан түсетін кіріс 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады. Пайдалы қазбаларды өңдеу мен геологиялық барлау саласы үшін қосымша преференциялар қарастырылған. Атап айтқанда, тиімділігі төмен жаңа учаскелер 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босатылады”, – делінген хабарламада.

Жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі енгізіледі.

Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15% салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70% жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5% салық салынады.

Мына қымбат өнімдер үшін жеке тұлғаларға салық салынады:

  1. Құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге;
  2. Құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге;
  3. Әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге;
  4. Әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады.

Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.

“Салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетіледі. Салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады”, – деп жазды Ақорда.

Кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Айым Болатқызы
Жұма, 18 Шілде, 2025 15:25
Талқылау