Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қордай қақтығысына" бір жыл: Елдімекен тұрғындарының бүгінгі жағдайы белгілі болды

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы "Масаншы оқиғасына" осы аптада 1 жыл толады. 11 адамның өмірін қиған трагедиядан кейін қазір елдімекендегі ахуалмен "Информбюро" бағдарламасының тілшілері танысып қайтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "31 арнаға" сілтеме жасап.

"Егер елдімекенді бір аралап шықсаңыз, түгі қалмай өртенген үйлердің қайта қалпына келтірілгенін байқайсыз. Ал дәл орталық көшедегі дүкен-дүңгіршектердің жұмысы қызып тұрған сыңайлы. Қазір елдімекенде тіршілік қазандай қайнап тұр. Көшеде көлік нөпірі де, әрі-бері ағылған адамдар да көп. Бірі сауда жасап, бірі тиелген тауарларын кәсіпкерлік нысандарға таратып жүр", - дейді арна тілшісі.

"Қазір бәрі дұрысталды ғой. Бірақ бір көңілімізді көтеретін дүние болса дейміз. Білмеймін. Мүмкін, ойын-сауық па, болмаса балаларға арналған іс-шара ұйымдастыру керек пе? Әйтеуір, елді бір серпілтетін дүние қажет", - дейді Масаншы ауылының тұрғыны Халижа Даурова.

8 ай бұрын жол бойы орналасқан бірнеше дүкендер күл-қоқысқа көміліп жатқан. Қазір бәрі қалпына келтірілген. Тек кейбірі нысаналық бағытын өзгерткен екен. Мәселен, Рабия Дендерованың тура орталықта орналасқан шағын базары толық өртеніп кеткен. Соның кесірінен 6 тұрғын жұмыссыз қалып, 10 миллиондай шығынға батыпты.

"Менің 3 дүкен, 1 шағын кафем бар. Әрқайсысында 1-2 адамнан жұмыс істейтін. Негізі келтірілген шығын көлемі 10 миллион деп есептегенмін. Құжаттарым да бар. Ал мемлекет 5 миллион және құрылысқа қажетті материалдарды берді. Қазір міне, құрылысты аяқтап, жұмыс істеп жатырмыз", - деді кәсіпкер.

Исмар Лутур соңғылардың бірі болып үйіне көшіп келіпті. Өйткені үйді іргетасынан бастап көтеруге 8 айдан аса уақыт кеткен. Бірақ "Масаншы оқиғасына" жыл толмай құрылысты аяқтап, туып-өскен ұясына оралуды мақсат етіпті.

"Сіздер бірінші рет келгенде біз үйдің іргетасын құйып жатқанбыз. Ал кеше көшіп келдік. Қазір 4 бөлмені жөндеп алдық. Қалғанын бірте-бірте бітіреміз, бұйырса. Толық аяқтауға уақыт керек", - деді ол.

Қазір көше-көшені аралап, бақылап жүрген полицейлер де көрінбейді. Бірақ бірнеше күн бұрын елдімекенге кіреберіске патрульдік полиция мен арнайы вагон қойылған. Әкімдік өкілдері, бұл жайтты ауданның шекаралық аймақта орналасуымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз бұзып өтетін азаматтар да кездеседі екен.

Талқылау