Көп балалы ана төрт жастағы бүлдіршінді 14 жастағы қызына қалдырып кеткені үшін түрмеге қамалмақ
АҚШ тұрғыны Мелисса Хендерсон – бес баласы бар жалғызбасты ана. Ол 2020 жылдың мамыр айында балаларын 14 жастағы үлкен қызына қалдырып кеткені үшін айыпталуда. COVID-19 пандемиясы кезінде балабақшалар жабылып, әйел балаларын қайта қалдырарын білмеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме беріп.
14 жастағы Линлидің онлайн сабағы болған. Ол өзінің төрт жастағы інісінің далаға қалай шығып кеткенін байқамай қалған. Бүлдіршін досын көріп қалып, сыртқа ойнауға шығып кеткен.
Шамамен 10-15 минуттан кейін Линли баланың жоқ екенін байқап, оны досының үйінен тапқан. Бірақ бұл уақытта досының анасы полиция шақырып қойған. Шамамен екі аптадан кейін Хендерсон балаларының көзінше қамауға алынды.
Егер жалғызбасты ана кінәлі деп танылса, Хендерсонға бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы және 1000 доллар айыппұл салынады.
"Өзімді қаншалықты төмен сезінгенімді айтып жеткізе алмаймын", — деді ол сұхбатында.
"Жүрегімнің түбінде жақсы ана екенімді және бәрін балаларым үшін істеп жүргенімді сезіне отырып, осы мүмкіндіктен олардың көз алдында айырылғанымды сездім”, – дейді ол.
Оқиғадан кейін полиция бірден қатаң шара қабылдамаған, алайда кейінірек баланың көшеде жалғыз жүргені көрінетін видеожазбаны байқап, оның бұған дейін де осындай жағдайда қалғанын анықтаған. Осылайша екі аптадан кейін әйелді қамауға алу үшін үйіне бес көлікпен келеді.
Әйелді Юнион атты округтің түрмесіне апарған. “Сол жақта бұрышқа бүрісіп, тығылып қалғым келді”, деп есіне алады Мелиса. Ақыр соңында, бұл жағдайдан шығуға оған бұрынғы күйеуі көмектескен.
Қылмыстық іс екі жылдан бері жалғасып келеді, ал оның адвокаты Дэвид Делуис айыптау конституциялық емес деп санайды және жазаны өзгертуді талап етуде.