Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Контрабандамен байланысты болуы мүмкін": Қырғызстаннан мәйіті табылған сарбаздың туыстары оның өлімі туралы

Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбаздың мәйіті Қырғызстан аумағында асылып тұрған жерінен табылған болатын. Сарбаздың мәйіті жақындарына берілген, 12 сәуірде жер қойнына табысталады. Құқық қорғау органдары мәйітте зорлық-зомбылық іздері болмағанын алға тартқанымен, жақындары марқұмның өзіне қол салуы мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

 сарбаз

Меркі ауданындағы шекара заставасында борышын өтеген Ұлықбек Бердішев дәл 40 күн бұрын жоғалып кеткен. Соңғы рет сарбазды аттарға арналған орынды тазалап жүрген кезде көрген, бірақ түскі уақытта Ұлықбекті ешкім таба алмаған. 

"Таудан тауып алды. Мойыны тасқа байлаулы. Қиғаш асылып тұрды, жерде жатқан секілді. Ісіп кеткен. Алайда бір ай асылып тұрғанға ұқсамайды", – дейді марқұмның ағасы Бауыр;ан Мереков. 

Ұлықбекті бір ай бойы Қазақстанның үш облысында іздестірген. Тек қырқыншы күні ғана шекарашыны малшы тауып алған. Шекарадан екі шақырым жерде, Қырғызстандағы таулы аймақта тастың арасында әскери көйлегі, бас киімі мен бушлаты, белбеуі табылған. Көп ұзамай мәйіті де анықталды. Жақындары жігіттің денесін бұл жерге кейінірек алып баруы мүмкін дейді. 

"Біздің ойымызша, оны бір жерде жасырып, ұзақ уақыт ұстаған. Айтуларынша, бұл аймақта контрабанда өршіп тұр. Көруге болмайтын нәрсені көріп қойған шығар. Ол өзіне-өзі қол сала алмайды", – деп қосты ағасы Бауыржан Мереков. 

Сарбаздың мәйіті Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізілген. Бірнеше сараптама жүргізіліп, жақындарына табысталды. Жігіттің неден жан тапсырғаны сараптама нәтижесі шыққан соң белгілі болады. Дегенмен шекара қызметінің мәліметінше, Ұлықбекке зорлық көрсетілмеген. 

"Қырғызстан Республикасы Шу облысы Панфилов аудандық ішкі істер бөлімінде аталған дерек бойынша тергеу шаралары басталды. Алдын ала диагноз: зорлық белгілері жоқ механикалық асфиксия. 2022 жылдың 11 сәуірінде шекара қызметі Бердішев Ұ.А. мәйітін Қызылорда облысына жеткізу шарасын ұйымдастырды", – делінген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің хабарламасында. 

19 жастағы Ұлықбек Бердішев Меркі ауданы шекара заставасында жарты жыл қызмет еткен. 12 сәуірде сарбазды Қызылорда облысындағы туған ауылында жерлейді. 

Талқылау