Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық сот Қаңтар оқиғасы кезіде байланыстың өшу заңдылығына баға берді

Қаңтар оқиғасы байланыс
Фото: Reuters.com

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда интернет пен мобильді байланысқа шектеу қойылды. Қала тұрғыны бұл шараны тұтынушы құқығын бұзу деп санап, сотқа шағымданған. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмай, кейін оллар Конституциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заңгердің мәліметінше, соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Олар өз шешімін "Байланыс туралы" заңдағы нормаға негіздеп түсіндірген. Бұл нормаға сәйкес, шұғыл жағдайларда ұлттық қауіпсіздік органдары байланыс желілерінің жұмысын, байланыс қызметтерін және интернет-ресурстарға қолжетімділікті уақытша тоқтата алады.

Мұндай шаралар ауыр және аса ауыр қылмыстардың жасалу қаупі туындаған кезде, соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтар дайындап жатқан немесе жасап жатқан қылмыстардың алдын алу мақсатында қолданылуы мүмкін.

Арызданушы азамат аталған норма Конституциядағы бірқатар құқықтарды бұзады деп есептеген. Атап айтқанда, ол халықаралық шарттардың басымдығы, сот арқылы қорғану құқығы, сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығы сияқты конституциялық нормаларға қайшы келеді деген уәждерін Конституциялық сотқа жолдаған өтінішінде көрсеткен.

Алайда Конституциялық сот ақпаратты алу және тарату құқығы шексіз емес екенін атап өтті

“Бұл құқық конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін. Даулы норма конституциялық тұрғыдан маңызды мақсаттарды көздейді және бұл жазалау үшін емес, қауіптің алдын алу үшін қолданылатын алдын алу шарасы”, – деп түсіндірді сот.

Сонымен қатар Конституциялық сот бұл нормада құқықтық нақтылықтың жеткіліксіз екенін атап өтті.

Атап айтқанда, сот мынадай кемшіліктерге назар аударған:

  • Байланысқа шектеу енгізуге негіз болатын қауіптің нақты қандай болуы керек екені анық көрсетілмеген (нақты қауіп пе, әлде тек ықтимал қауіп пе);
  • "Ауыр және аса ауыр қылмыстарға әкелуі мүмкін", "кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлар" сияқты жалпылама ұғымдар қолданылған, сондықтан шектеудің нақты қашан енгізілетіні түсініксіз;
  • Норманың уақытша сипатта қолданылатыны көрсетілмеген, бұл шектеулердің шамадан тыс қолданылуына әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ Конституциялық сот ұлттық қауіпсіздік органдарының арнайы өкілеттіктері олардың шешімдерін соттың кейіннен тексеруінен босатпайтынын атап өтті. Соттар байланыс өшіру шараларының шынымен қажет болғанын, негізді әрі туындаған қауіпке сай болғанын тексере алады.

Дегенмен анықталған кемшіліктерге қарамастан, Конституциялық сот даулы норманы Конституцияға сәйкес деп таныды.

Конституциялық сот интернет пен байланысты өшіруге мүмкіндік беретін норманы Конституцияға қайшы емес деп таныды. Сондықтан ол күшінде қалды, бірақ заңды нақтылау қажет екенін де атап өтті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 12:36