"Қонақүйге айналмақ": Өскеменде Ахметов тұрған Назарбаевтың резиденциясы сатылымға шығарылды
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовке тиесілі болған Өскемендегі резиденция қонақүйге айналмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: E-auction.gosreestr.kz
Электронды сауда сайтында Өскемендегі Үлбі өзенінің бойында орналасқан екі қабатты диспансерлік ғимаратты сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бойынша аукцион туралы ақпарат пайда болды. Өтініштер 3 шілдеге дейін қабылданады. Нысанның бастапқы бағасы 1 миллиард 115,8 миллион теңге екені көрсетілген. Аукционға қатысуға ниет білдіргендер 167,3 миллион теңге кепілдік жарнаны ұсынуы тиіс.
Құжаттамада көрсетілген диспансердің ауданы шамамен 3180 шаршы метр. Оған Дресвяный аралындағы ауданы 331 шаршы метр қонақ үй, шаруашылық блогы, сорғы станциясы және басқа да ғимараттар кіреді.
Фото: E-auction.gosreestr.kz
"Резиденцияны" сенімгерлік басқаруға алғысы келетін адам оның негізінде "туристік-инвестициялық хаб" құруы керек. Ғимаратты қайта құру жоспарында мейрамхана, бассейн, спорт алаңдары, конференц-залдар, қонақ үй және сауда павильондары бар туристік орталық құру қарастырылған. Осы жұмыстардың барлығында нысанды сенімгерлік басқаруға алатын кәсіпорын кемінде 25 тұрақты жұмыс орнын ашады. Инвестор үш жыл ішінде "туристік хабты" дамытуға кемінде 800 миллион теңге, оның ішінде бірінші жылы 400 миллион теңге инвестициялайды.
Мүлікті бағалау есебіне сәйкес, диспансердің бас ғимаратының құны 907,5 миллион теңгеден асады. Шығыс Қазақстан билігі туристік орын үшін сұрап отырған қаржының қалған бөлігі қосалқы құрылыстарға, стансаға, су мұнарасына және басқа да қосалқы нысандарға тиесілі болады.
Айта кетейік, бұған дейін Журналист Асхат Ниязов өзінің бейнематериалында Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметовтың бұрынғы резиденциясын көрсеткен еді. 15 бөлмеден бөлек теннис ойнайтын алаңы мен түрлі демалыс орындары бар резиденцияның Versace брендіне тиесілі бір креслоның өзі 5 миллион теңге тұрады екен. Барлығын қосқанда (екі кресло, диван, журнал үстелі) 20 миллион теңге.