Комиссия Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты
Депутат Абзал Құспан желідегі парақшасында мемлекет басшысының Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартқаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"Президент жанындағы азаматтарға кешірім жасау жөніндегі комиссия Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартты", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін айыпталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов президенттің атына кешірім беруге өтініш білдірген еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Кәрім Мәсімов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында қамауда отырған.
Онда Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)") және 366-бабы, 4-бөлігі ("аса ірі мөлшерде пара алу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Еске салайық, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылған.
10 наурыз күні ҰҚК Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты тергеудің алғашқы нәтижелерін көрсетті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған.