Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҰҚК Мәсімовтің қымбат көліктері мен мүлкін көрсетті: Экс-шенеуніктің үйінен 17 млн доллардан астам қаражат тәркіленді

ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі жалғастыруда. Комитет тергеудің алғашқы нәтижелерін көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

масимов тергеу

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталды.

Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатқа тіркелген.

"Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді", – делінген комитет таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.



2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары тәркілеуге алынған.

Мұнымен қатар бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина алынды.
Мәсімовтің мүліктеріне Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласындағы 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Сонымен қатар Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған да тыйым салынған.

"Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Барлық көрсетілген фактілер бойынша қарқынды жедел жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде",  – деп түйіндеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК департаменттің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталғаны туралы жазылған.

Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 2 айға қамауға алынған. Айта кетсек, 6 қаңтарда Мәсімов уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мемлекетке сатқындық жасаушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау