"Үреймен көз іліп, қорқынышпен оянады": Ливан мен Сирияда бітімгер болған қазақ қызы жанкешті оқиғасын бөлісті
Фото: Stan.kz/Назгүл Төлеген және Ардақ Күртібаева
Қазір Қазақстан карулы күштерінде 12 мыңнан астам әскери әйел қызмет етеді. Олардың қатарында Ливан мен Сириядағы бітімгерлік миссияларға қатысқан медицина қызметінің сержанты Ардақ Күртібаева мен десанттық-шабуылдау әскерінің аға лейтенанты Назгүл Төлеген бар. Екеуі де әскери өмірдің қиындығына қарамастан, елге адал қызмет етіп, болашақ ұрпаққа батырлық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Арулар Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында өздерінің ерлермен қатар иық тіресіп, табандылықпен қызмет атқарып келе жатқанын айтып берді.
“Командирлік қызметтерді ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да атқара алады”
Ардақ Күртібаева – Ливан мен Сирия елдеріндегі бітімгерлік миссияларға қатысқан тәжірибелі маман. 2020 жылы Ливандағы жойқын жарылыстан кейін Қазақстаннан жіберілген гуманитарлық көмек тобының құрамында болып, жергілікті медицина қызметкерлерімен бірлесе алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
"Қазір Алматыдағы Бітімгершілік операциялар орталығында медицина қызметінің сержанты-нұсқаушысы лауазымында қызмет атқарамын. Әскери жолымды 2013 жылы таңдадым. Ол кезде мен Астанадағы Бас әскери клиникалық госпитальде операциялық медбике болып жұмыс істедім. Бұл қызметте он жылға жуық еңбек етіп, 2023 жылы Алматыға ауыстым. 2020 жылы Ливан елінде үлкен жарылыс болып, көптеген адам зардап шекті. Сол кезде Қазақстан атынан гуманитарлық көмек көрсету үшін біздің медициналық рота аттанды. Біз бірнеше топқа бөлініп, жергілікті ауруханаларда қызмет еттік. Ливандық медицина қызметкерлерімен бірге алғашқы көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еттік. Бұл менің әскери өмірімдегі ең жауапты әрі маңызды кезеңдердің бірі болды", – деді Ардақ Күртібаева.
Ардақ Күртібаева бітімгер ретінде Сирияға барғанда да, алғашқы кезде оның бойында қорқыныш болыпты. Оның айтуынша, соғыс жүріп жатқан елдерде халықтың көзінен үміт емес, үрей көрген. Сондықтан Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтың бағасын білу керек дейді.
"Біз барған мемлекеттерде күнде соғыс болып, миналар жарылып жатады. Осындай халде өмір сүріп жатқан халықтың жағдайы өте мүшкіл. Мұндағы халық күн сайын соғыстың ортасында, қауіп пен үрейдің арасында өмір сүреді. Бейбітшілік баға жетпес құндылық екенін сол жерде жүріп анық сезіндік. Біз тыныш ұйықтап, ертеңге сеніммен қараймыз. Ал олар үреймен көз іліп, қорқынышпен оянады. Сириялықтардың жанарынан үміт емес, үрей көрдік. Сондықтан тыныштығымыздың, тәуелсіздігіміздің қадірін білу әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын", – деді Ардақ Күртібаева.
Фото: Ардақ Күртібаеваның жеке архивінен
Ардақ Бітімгершілік операциялар орталығында болашақ бітімгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақ береді. Орталықта ағылшын, түрік, қытай тілдерін оқыту, жауынгерлік және бітімгерлік дайындық, сондай-ақ БҰҰ қолдауымен гендерлік теңдік курстары өткізіледі. Ардақ 2021 жылы Пәкістандағы NUML университетінде ағылшын тілін меңгеріп қайтқан.
"Әскер саласын таңдауыма отбасымның ықпалы зор болды. Әкем әскери салада қызмет еткен ардагер, бүгінде зейнетте. Ол кісінің еңбекқорлығы мен тәртібі мен үшін әрдайым үлгі. Ал бала күнімнен жиі ауырып, ауруханаларда жатып ем қабылдаған сәттерде медбикелердің мейірімі мен жанқиярлық еңбегіне тәнті болдым. Науқастардың жанында әрдайым медбикелер жүретін. Олар ем жасап қана қоймай, үміт пен демеу береді. Сол кезден бастап мен де солар секілді көмек көрсете алатын маман болғым келді. Қазір 16 жастағы ұлым өсіп келе жатыр. Ұлымды өсіруде әке-шешем үлкен көмек көрсетіп келеді. Ата-анамның қолдауының арқасында мен өз міндетімді абыроймен атқарып, шетелдік миссияларға да барып, елге аман-есен оралдым. Ұлым әскери адамның қандай тәртіппен, жауапкершілікпен өмір сүретінін көріп, түсініп өсіп келеді", – деді әскери қызметкер.
Ардақ әскери салада қызмет етемін деген қыз-келіншектерге өз армандарынан бас тартпай, бір орында тоқтап қалмау керек екенін айтады.
"Жоғары лауазымдарға ұмтылыңыздар. Жоғары лауазымдарды, әсіресе, командирлік қызметтерді ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да атқара алады. Артық атқармаса, кем істемейді деген ойдамын. Қазір гендерлік теңдік заманы. Қазір ер адам, әйел адам деп бөлмейді. Психологиялық тұрғыдан да мықты болып келеді. Әйелдер де еңбек етіп, өз шеберлігін, кәсіби біліктілігін дәлелдеп жүр. Әйел адам нәзік жан ғана емес, сонымен қатар батыл, төзімді, рухы биік тұлға екенін есте ұстаған жөн", – деді аға сержант Ардақ Күртібаева.
Фото: Ардақ Күртібаеваның жеке архивінен
Ардақ Күртібаева БҰҰ қолдауымен орталықта гендерлік теңдік курстары да өткізілетінін атап өтті. Мұнда өз ісінің майталман мамандары, Конго, Ливан, Сирия және Батыс Сахара елдерінде бейбіт миссияларда болған тәжірибелі әскери қызметкерлер дәріс береді дейді Ардақ.
“Парашют ашылып, әуеде қалықтаған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес”
Ал десантшы Назгүл Төлеген Қазақстанның десанттық-шабуылдау әскерінің арнайы мақсаттағы Райымбек батыр атындағы №61993 әскери бөлімінің геоақпараттық қамтамасыз ету қызметінің басшысы болып екі жылдан бері қызмет атқарып келе жатыр. Аға лейтенанттың айтуынша, оның басты міндеті – әскери бөлімді құпия және құпия емес мәліметтермен қамтамасыз ету.
Осы ретте Назгүлдің тәрбие жұмыстары жөніндегі басшысы оны "десантшы, спортшы, арнайы дайындықтан өткен сарбаз" деп қысқаша әрі нақты сипаттап берді. Аға лейтенант бала күнінен әскери форма киіп, Отан қорғаушылардың қатарында болуды армандағанын айтады. Сол арманы оны осы жолға жетелеп, бүгінде өз ісіне шын берілген, жауапкершілігі жоғары әскери қызметкерге айналған. Қызмет барысында Назгүл әуе шарымен аспанда 2 рет ұшқанын және қандай әсерде болғанын айтып берді. Ол алғашқы парашютпен секіру алдында екі апталық арнайы дайындықтан өтіпті.
"Физикалық жаттығулар ғана емес, моральдық-психологиялық деңгейімізді тексеретін маңызды кезең болды. Алғашқы секіру кезінде, әрине, қорқыныш болып, қатты шаршайсың. Бірақ парашют ашылып, әуеде қалықтаған сәтте бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жерге қалай қонғанымды да байқамай қалдым. Екінші секіруде бізге топпен бірге шабуылдау тапсырмаларын орындау жүктелді. Бұл жолы мен өзімдегі барлық қорқынышты жеңе алдым. Сол сәттен бастап өзімді десанттық-шабуылдаушы әскерлер қатарында жүргеніме шын жүректен мақтан етемін. Секірген соң өзіме деген сенімім артты. "Бұған қабілеттімін" деген сенім пайда болды. Әйелдерді парашютпен қарумен секіруге ешкім мәжбүрлемейді, бұл ерікті түрде. Бірақ біз қарудан ату дағдыларын меңгергенбіз. Автомат, тапанша, тіпті бір рет от шашқышпен де атып көрдік", – деді Назгүл.
Фото: Назгүл Төлегеннің жеке архивінен
Аға лейтенант әскери бөлімдегі жұмыс күні таңертеңгі жалпы сапқа тұрумен басталатынын айтады. Аптасына екі рет саптық дайындық өтеді дейді Назгүл Төлеген. Арудың сөзінше, мұнда әскери қызметкерлер қоян-қолтық ұрыс пен қару қолдану машықтарын жетілдіріп, дене шынықтырумен айналысады.
Назгүл әскери киімін ерекше жақсы көретінін айтып, оны ешқандай биік өкшелі туфли мен көйлекке айырбастамайтынын мойындайды.
"Мереке күндері, отбасылық шараларға, әрине, көйлек киемін. Бірақ форма өз алдына ерекше. Себебі алғаш әскери форманы киген кезім жақсы есімде. Киген сәтте өзімді нағыз әскери адам сезіндім. Үлкен бір өмір жолының басталғанын сол кезде түсіндім. Әскери форманың өзі киген сәттен тәртіпке жетелейді. Әскери форма, бір жағынан, тәртіпке үйретеді, екінші жағынан ақшаны үнемдейсің. Артықшылықтары өте көп", – деп күледі Назгүл.
Назгүл бұл салаға деген қызығушылығы бала кезінен басталғанын және әскери адам болуды армандағанын ерекше атап өтті. Бала кездегі арманымды орындау мақсатында 2018 жылы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-ғарыш академиясына "әскери картограф" мамандығына түсіп, 2023 жылы тәмамдаған.
Назгүлдің көзқарасынша, әскери ортада әйел адамның қызмет атқаруы бір жағынан мақтаныш, екіншіден үлкен жауапкершілік. Ол әскери қызметті тек ер-азаматтарға тән сала деп қарастырмайды. Керісінше, кез келген күрделі де жауапты тапсырмаларды ерлермен иық тіресе орындау бұл әйел әскери қызметкер үшін міндетті талап деп санайды.
"Біз – әйел адам болсақ та, батыр аналарымыздың ұрпағымыз. Батыр анадан батыр ұрпақ туады. Ең бастысы келешек жастарға үлгі болып, шыдам мен табандылықты көрсету деп ойлаймын", – деді Назгүл Төлеген.

"Үреймен көз іліп, қорқынышпен оянады": Ливан мен Сирияда бітімгер болған қазақ қызы жанкешті оқиғасын бөлісті
