Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолындағы төрт-түлігін сатуға мәжбүр": Солтүстік Қазақстан халқы мал жаятын жайылымдық жерге жарымай отыр

Петропавлдың іргесінде орналасқан Новокаменка ауылының тұрғындары жайылымдық жерге жарымай отыр. Олардың айтуынша, айналадағы жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен. Салдарынан мал өріске шықпайды. Нәпақасын бағып отырған төрт түліктен табатын қарапайым халықтың базынасын тілшіміз тыңдап қайтты. 

Новокаменка ауылының бақташылары күн сайын мал жаятын орын іздеп, сандалады. Бұл мұнда соңғы жылдары жиі қайталанатын жағдай. Өйткені, елді мекенде жайылым жер жоқ. Барлығы жекенің қолына өтіп кеткен. Сондықтан тұрғындар төрт түлігін қайда болса, сонда бағады. Салдарынан мал күйленбейді, әрі өнімді аз береді. Шаршаған елді мекен халқы малын сатуға мәжбүр.

 "Жайылымдық жер болмағандықтан, көбі қолындағы төрт түлігін сатып жатыр. Күйі жоқ мал арзанға өтуде. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Ал малын сата алмағандар, қорада ұстап отыр. Өрт түлікті, тіпті көшеге жіберуге қорқамыз. Өйткені, айыппұл төлеткізеді. Жердің бәрін шаруашылықтар егін егеміз деп алып қойған",- дейді  Новокаменка ауылының тұрғыны Қайрат Бердібеков.

Новокаменка ауылы бойынша 700 гектарға жуық жайылым жер жетіспейді. Жергілікті атқамінерлер бұл жағдайдан хабардар. Қазір шенеуінктер оны қайтару жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

"Пайдаланылмай жатқан жер учаскелері бойынша тиісті құжаттар жиналып, сотқа арыз дайындалып жатыр. Бұл шамамен 300 гектарға жуық жер. Кейін ол ауылдық округтің меншігіне беріледі", – дейді Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Көпеш Тұрыжанов.

Бұл бір ғана ауылдың жағдайы емес. Бүгінгі таңда осы Қызылжар ауданының тұрғындарына 30 мың гектар жайылым жер жетіспейді.  

Дайындаған: Мағжан Ахмадина

Талқылау