Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолын қайырып, мойнынан қылқындырды": Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы полицейлермен қалай айқасқанын айтып берді 

Таяуда Алматыдағы Республика алаңында "саяси тұтқындарды" қолдап, жиын өткізбек болған оппозициялық саясаткер әрі журналист Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның жұбайы, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованы полиция қызметкерлері күштеп ұстап әкетті. Сол сәттен кейін қоғам белсендісінің денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған еді. Атышулы оқиға неден басталғанын Рысбек Сәрсенбайұлы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осы жылдың 9 наурыз күні Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның жұбайы Маржан Аспандиярованы үйінің маңында полиция қызметкерлері ұстаған. Тәртіп сақшыларының бұл әрекетінен кейін 74 жастағы қоғам белсендісінің жағдайы нашарлап, қан қысымы көтерілген.

"Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қан қысымы 300-ге жетуі деген сұмдық нәрсе. Менің қан қысымымды өлшеп жатқан мейірбике қыздың түрі бір түрлі боп кетті. "Аға, қан қысымыңыз 300-ге барып тұр" деді, өзі қорқып кетті. Ал полицейлер соған қарамай, көмек көрсетпестен Талғарға алып кетті. Олардың қызметтік көлікпен жүргендегі жылдамдығын көрсеңіз. Оң жақтағы көліктер ары қарай қашты, сол жақтағы көліктер тоқтап қалды. Қос сызықтан өтіп, қарсы бағытқа шығып кетті. Бір жаяу жүргіншіні соғып кете жаздады. Сонда олар көлікте отырған біздің де, өздерінің де өмірін қатерге тікті. Біздің ғана өмірімізді емес, сол көшедегі жаяу жүргіншілердің де, көлік жүргізушілердің де өмірін қауіп-қатерге тікті. Бұл да – қылмыс. Егер біз жол ережесін бұзайықшы, бірден куәліктен кемінде бір немесе бірнеше жылға айырыламыз. Содан кейін айыппұл төлейді. Ал мынадай учаскелік полицейдің көлік рөліне отыруға, ол салада істеуге хақысы жоқ. Содан кейін қызметтік форма кимеген екі адам аты-жөнін айтпай, қызметтік куәлігін көрсетпей күш көрсетті. Екеуі "бандит" болуы да мүмкін. Ал солардың сол әрекетіне қарап, ешқандай тойтарыс бермеу, оларды тоқтатпау, қайта соларға қосылып менің жолыма тұрып, маған күш көрсетуі полиция қызметкеріне, заңды сақтайтын адамға лайықты нәрсе емес. Сондықтан бұларды оңдырмай жазалау керек", – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Қоғам белсендісінің жағдайына алаңдаған жақтастары сол сәтте бірден ауруханаға қарай асыққан. Бірақ ақ халаттылар оларға мардымды жауап бермесе керек. Әбден ашуға булыққан Рысбек Сәрсенбайұлы енді полиция қызметкерін ерсі әркеті үшін заң жүзінде жазалауды көздеп отыр. Тіпті қасында қорғаушысы да бар. Сонымен Рысбек Сәрсенбейұлы мен оның жұбайына қандай заңсыз әрекеттер жасалды? Адвокат болған жайдың барлығын жіпке тізгендей айтып берді... 

"Полиция қызметкерлері тарапынан Рысбек Сәрсенбайұлы мен оның жұбайы Маржан Сәрсенқызына күш қолданылды. Қазір осы фактілер бойынша ҚР Бас прокуратурасына, ҚР Ішкі істер министрлігіне және Алматы облыстық прокуратурасына, Талғар аудандық прокуратурасына 9 наурыз 2024 жылы менің тарапымнан шағымдар түсірілді. Сол күні Рысбек Сәрсенбайұлының денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақырған. Алайда полицейлер Рысбек Сәрсенбайұлы мен жұбайы отырған көліктің есігін тарс жауып, жедел жәрдем қызметкерлерінің медициналық көмек көрсетуіне кедергі келтірген. Бұл полиция қызметкерлерінің өз қызметін асыра пайдалану деп білемін. Сол себептен ҚР ҚК 451-бабына сәйкес ол полиция қызметкерінің үстінен жауапкершілікке тарту туралы шағым түсірдім. Сондай-ақ олар Рысбек Сәрсенбайұлының қолын қайырған, ал жұбайының мойнын қылқындырған. Осы факті бойынша да шағым түсірдім", – дейді адвокат Жалғас Сапарханова.

Ал осы оқиғаға қатысты Алматы облыстық полициясы белсенділерді ұстау кезінде "заңсыздық" болғанын мойындамаған және полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері мен күш қолдануына жол берілмеді" делінген отандық БАҚ беттерінде жазылған ресми хабарламада.   
Айта кетейік, 9 наурызда Алматыдағы Республика алаңында "саяси тұтқындарды" қолдап, жиын өткізбек болған Рысбек Сәрсенбайұлы Тоқаевқа жазылған "Тәуелсіз елде саяси тұтқындар болмасын" атты үндеу хатты да оқып берді. Әлгі парақта саяси қудалауға ұшыраған бірнеше адамның аты-жөні айтылған. Мәселен, әуежайды басып алуға әрекеттенді деген Айгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов, қоғамда өткір пікірін білдірген Абзал Достияров, Астанада өз ойын ашық айтқан әйгілі марафоншы Марат Жыланбаев және журналист Думан Мұхамедкәрім сияқты бірнеше белсендіге бостандық сұраған. Тіпті олардың өміріне алаңдайтынын ашық айтқан. Рысбек Сәрсенбайұлының бұлай деуі тегін емес. Дәл қазір қамауда отырған тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрім туралы адамшошырлық ақпаратты оның адвокаты айтты. Сондай-ақ ұлының өміріне алаңдаған белсенді Думан Мұхамедкәрімнің де әкесі журналистермен жолығуға келіпті. Ол сот барысындағы әділетсіздіктерге наразы.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау