Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолымен жасағанын мойнымен көтерсін": Павлодарда депутаттың ұлы 80 жастағы әйелді қағып кетті

Павлодарда сексен жастағы әжейді облыстық мәслихат депутатының ұлы көлікпен қағып кетті. Енді жәбірленушінің туыстары жол-көлік оқиғасын жасаған адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп отыр. Олар оқиғаны көрген куәгерлерді іздеп жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" арнасына сілтеме жасап.

Павлодар пенсионер

Әйелдің қол-аяғы сынбаған, дегенмен сексен жастағы әжей төсекке таңылып қалған. Көп балалы болғаны үшін Кеңес Одағының орден-медальдарымен марапатталған алты баланың анасының айтуынша, ол ешқашан ауруханада жатпаған. Сондықтан әйел көлік қағып кеткен күні де ауруханаға жатудан бас тартқан.

"Барлығы қалай болғанын білмей қалдым. Бір сәтте ұшып кетіп құладым, қалғаны есімде жоқ. Мені кімнің жерден көтергені, кімнің орындыққа отырғызғаны, барлығы есімде жоқ", – дейді Алевтина Тишкова.

Кейін анықталғандай, көлікті депутаттың 20 жастағы ұлы басқарған болып шықты. Ол көзіне күн шағылысып кеткенін айтып ақталған. Жол апатынан кейін жігітті үйіне жіберуге рұқсат берілгенде ғана зардап шеккен зейнеткердің отбасы әділдікке күмән келтіре бастайды. Қазір олар жол апатының куәгерлерін іздестіріп жатыр.



"Егер қарапайым адам болғанда, мысалы үшін, егер менің қызым қандай да бір заңбұзушылық жасаса, оны қамап қояр еді. Ал бұл жағдайда... Ең бастысы, әжеміз сау болсын және, менің ойымша, егер адам қылмыс жасаған болса, қаладан қашып кетпей, керісінше оны мойнымен көтеруі керек", – дейді жәбірленуші әйелдің ұлы Вячеслав Тишков.

Полицейлер сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отырғандарын жеткізді. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Ал апатқа кінәлі болуы мүмкін жігіттің әкесі болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Біз жауапкершіліктен қашқан емеспіз, қашпаймыз да. Бала тоқтап, әжейге көмектескен, жедел жәрдем көлігін шақырған. Ал ауруханаға барудан әжейдің өзі бас тартқан. Оқиға орнына жол полициясы келіп, көлікті айып тұрағына қойып, барлығын тіркеуге алған. Бұл жағдайда біреу қашып кетті немесе басқа нәрсе жасады деген бос сөз. Оның кінәсі бар екені мәлім, алайда мұны заң жүзінде шешкеніміз дұрыс болады", –  деп түсіндірді облыстық мәслихат депутаты Сайлау Оразбаев.

Қылмыстық іс қозғау мәселесі алған жарақаттың ауырлығына қарай шешіледі. Қыркүйектің соңында Алевтина Тишкова 81 жасқа толады. “Өмірімде алғаш рет туған күнімді төсекте қарсы алмақпын”, – дейді зейнеткер.

Талқылау