"Көліксіз жүруді елестете алмаймын": 90 жастағы Матрёна әже әлі көлік айдап, нәпақасын тауып жүр
Таяуда ғана 90 жасқа толған ақтөбелік Матрёна Зайдулинаның өмірі көпке үлгі-өнеге десек артық айтқандығымыз емес. Қарттыққа қадам басқанына қарамастан, әлі күнге дейін сергек жүретін (тіл-аузымыз тасқа) «Баба Мотя» ұзақ жасаудың сырын Stan.kz тілшілеріне баяндап берді.
"Меніңше ұзақ жасаудың бәлендей бір құпиясы жоқ. Бастысы – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Өзің айналысқан істен жаның рахат тапса, нағыз бақыт осы. Ал бізде өзінің жұмысын ұнатпайтын, амалының жоқтығынан істейтіндер көп екені жасырын емес. Адам өзі қалаған істен рахат ала білсе, онда ол адамның жаны да, тәні де қартая қоймайды" - дейді әжей.
Қазақстандағы әйел жүргізушілердің арасындағы жасы үлкені осы - Матрёна Зайдулина.
"Әуел баста жүргізушілікке қажеттіліктен бардым. Өйткені, отбасымызды асырап отырған жолдасым о дүниелік болды. Ол кәсіби білікті көлік жүргізушісі еді. Оның жанында жүріп, көп нәрсені көкейге тоқыдым. Кейін ол өмірден өткен соң бала-шағаны бағып-қағу ісі маған жүктелді. Сондықтан, көлік жүргізу ісі бойынша арнайы оқып, куәлік алдым. Таксист қызметін атқарып, үш баламды ешкімнен кем қылмай өсірдім. Қазір көлік жүргізу менің ең сүйікті ісім. Тіпті, көліксіз жүруді елестете де алмаймын", – дейді Матрёна әже.
Бұған дейін Мәскеуден арнайы алған "шестеркасын" тізгіндеп келсе, он жыл бұрын өзінің маңдай терімен тапқан қаржысына су жаңа "Приораны" сатып алыпты.
Әжейдің тағы бір қыры – көпшілігіміз сияқты емхананың есігін тоздырып, дәрігер қабылдауында болмайды. Өз қолымен еккен дәрілік шөптерді тұтыну арқылы сан түрлі дертке қарсы тұрып келеді. Бүгінде тоқсанға табан тіресе де, шапшаң әрі ширақ қимылдайды. Мұның сырын ол еңбек етумен байланыстырады.
"Жыл сайын көктем шығысымен саяжайыма барып, егін егу ісіне бел шеше кірісемін. Өйткені, сатып алған жеміс-жидектің сапасы өз қолыңмен еккен өнімдей болмайды. Піскен өнімдерімді шетінен базарға әкеліп саудалай бастаймын. Жасым кеп қалды деп ешкімге алақан жаймаймын. Өз жағдайымды өзім жасаймын. Ақтөбеліктердің көпшілігі мені жақсы біледі. Сондықтан, базарға әкелген жемістерім тез-ақ өтіп кетеді. Маңдай термен табылған астың дәмі де таңдайыңда ұзақ сақталады ғой. Мұның өзі зор қуаныш деп ойлаймын", - дейді "Баба Мотя".
Қарап отырсақ, күніз-түні бір тынбай еңбектенудің арқасында қажыр-қайратын жоғалтпай, керісінше сергек жүрген әжей ісінен әрбіріміз үлгі алсақ та жарасып жатыр.
Арнайы "Stan.kz" үшін