"Көлік жүргізуді үйрендім": Фариза Төреәлі не себепті парақшасын өшіргенін түсіндірді
Танымал блогер Фариза Төреәлі бір ай бойы әлеуметтік желіден үзіліс алып, қайта қауышты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/farizatoreali/
Желі жұлдызының сөзінше Таиландтағы демалыстан кейін әлеуметтік желіден де демалыс алуды ойлаған.
“Инстаграмда 40 күнге жуық болмаппын. Жеті жылдық блогымда бірінші рет болып тұр. Таиландтан қайтар жолда ұзақ ойландым. “Парақшаны өшірім, өмірімдегі ақсап жатқан тұсына көңіл бөлсем деп ойладым. Бірақ парақшаны өшіру деген ой маған қорқынышты болды. Бірақ жаным қалап тұрғанын түсіндім. Өзіме уақыт көп бөлдім. Кітап оқыдым. Көлік жүргізуді үйрендім. Үнемі бастап, аяғына жеткізбей қалдырып кетуші едім. Көлік жүргізу куәлігін де алдым. Жақындарыммен бірге уақыт өткізіп, анамның дәмді тамақтарын жедім. Үйіміздің құрылысына араластым. Спортпен де тұрақты айналыстым”, – деп жазды блогер ару.
Сондай-ақ желі жұлдызы әр нәрсенің өз уақытымен ғана болатынын еске салды.
“Ақырын күту бір орында тұру емес, көрегендік. Сабыр деген не?! Тікенге қарап, раушан гүлін, түнге қарап, күндізді елестете алу. Алланы сүйгендер сабырды бал қаймақтай көріп, еме түскісі келеді, бойына сіңіреді. Олар көктегі орақ ай толғанға дейін уақыт керегін жақсы біледі. Бәріне де уақыт керек. Ешқандай гүл уақытынан бұрын ашылмайтыны, күн де уақытынан ерте тумайтыны секілді әр нәрсенің өз уақыты, өз сәті бар екен. Адам бойындағы даналық пен кемелдену де солай болса керек, өз уақытымен келеді. Кеше – жоқ, ертең не болары Раббымызға мәлім, тек бүгін – бар”, – деді Фариза.
Еске салайық, "Ким Ина мен Мин Су Енды білмейтін қазақ жоқ" деп Фариза Төреәлі Ва-Банк телехикаясы түсірілген жерге барған еді.